11-17 жас аралығындағы балалардың 66%-ы зорлық-зомбылықтың белгілі бір түріне ұшыраған

Елде 11 мен 17 жас аралығындағы балалардың 66 пайызы зорлық-зомбылықтың белгілі бір түріне ұшыраған.

ЮНИСЕФ қорының зерттеу нәтижелері осындай. Қазір өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Жоба жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға бағытталған.

Әр өңірде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қызмет атқарады. Алайда олардың нақты мәртебесінің айқындалмауы біраз қиындық тудыратын. Мысалы, Оралда оқыс оқиғадан зардап шеккен жеткіншектің құқығын қорғауда жергілікті уәкіл сарсаңға түскенін айтады. 

Орал

Жанат Нұрмағамбетова, БҚО бойынша балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:

- Апелляционный суд өтеді деді. Содан кейін өзім де қатысқым келді сотқа. Бірақ менде мәртебе болмағасын мен даже үшінші тарап болуға мүмкіндік болған жоқ. Қазір осы Заң енгізілді. Сотқа қатысуға, балалардың құқығын қорғауға деп өзім ойлаймын. Біздің мәртебеміз шешілді. 

Өңірлік уәкілдер институтының енгізілуі жасөспірімдердің құқығын қорғау бағытындағы маңызды қадам болды, дейді мамандар. Әйтпесе бұған дейін жүргізілген халықаралық зерттеу нәтижелері жаға ұстатады. 

Астана

Бақыт Әлиев, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының бөлім басшысы:

- ЮНИСЕФ балалар қорының жүргізген зерттеулеріне сәйкес, мектептегі 11 мен 17 жас аралығындағы балалардың 66,6 пайызы зорлық-зомбылықтың белгілі бір түріне ұшыраған. Оның 12 пайызы физикалық зорлық-зомбылық болса, 52 пайызы психологиялық зорлық-зомбылық. Сонымен қатар ПИСА халықаралық зерттеулер аясындағы сарапшылардың пікіріне сәйкес, әрбір 15 жастағы әрбір төртінші бала буллингтің белгілі бір түріне ұшыраған.

Қостанай

Қазір 15 өңірде психологиялық қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Олардың қызметін біріздендіру үшін министрлік тарапынан әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Әр орталықта кемінде 25 психолог еңбек етеді. Онда балалармен қоса, ұстаздар мен ата-аналар кеңес ала алады.

Елена Петренко, өңірлік психологиялық қолдау оқу-әдістемелік орталығының директоры:

- Біздің сенім телефонымызға қоңырау жиі түседі. Оның ішінде буллинг бойынша 57 дерек болды. Жәбірленуші тарапқа да, агрессорға да психологиялық көмек көрсетілу қажет. Көп жағдайда балалар мектеп психологтарына мән-жайды айта бермейді. Сондықтан жүйелі әрі кешенді жұмыс істеуге тырысамыз.

Астана

Бақыт Әлиев, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының бөлім басшысы:

- Бұл орталықтар әкімдіктердің жанынан, білім басқармаларының жанынан ашылған. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел психологиялық көмек көрсетуге және мектептегі педагог-психологтардың кәсіби шеберліктерін арттыру бойынша әдістемелік іс-шаралар өткізуге атсалысады. 

Қостанай

Ал жыл соңына дейін қалған өңірлерді де психологиялық қолдау орталықтарымен қамту жоспарланып отыр. 

Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап