Шымкентте 94 адам атаулы әлеуметтік төлем алу үшін жалған анықтама жасатқан
Шымкентте 94 адам жалған анықтама жасап атаулы әлеуметтік көмек қаражатын қалтаға басқан, деп хабарлайды 24kz.
Тексеріс кезінде олардың еңбекке жарамсыздық қағазы ешқандай медициналық ұйымда тіркелмеген болып шықты. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері мәлімдеді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында шын мұқтажға көмек көрсетілуі керектігін айтты. Оң өзгерісті «Әлеуметтік әмиян» жобасынан бастауды тапсырды.
Ай сайын берілетін атаулы әлеуметтік төлем алу үшін 94 адам жалған анықтама жасатқан. Олар медициналық ұйымдар ғана беретін құжаттың өзін заңсыз жолмен рәсімдеген. Осылайша, оңай олжа тапқысы келгендер бюджеттің 24 млн теңгесін қалтаға басқан. Еңбек мобильділігі орталығы атынан берілген талап-арыз сотта қанағаттандырылып, оның 9 млн теңгесі қазынаға қайтарылды. Қалған қаржы жеке сот орындаушылардың күшімен мәжбүрлі түрде өндіріледі.
Ерболат Аханов, қалалық еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы:
- Білгілі бір мерзімге 6 ай, 8 ай, 1 жыл деген сияқты жұмысқа жарамсыз анықтамалар. Іс жүзінде олар жарамды адамдар. Ол анықтамалар тиісті мекемелерде, емханаларда тіркелмеген. Яғни, қолдан жалған жасап берілген анықтамалар. 2023 жылдың төртінші тоқсанында 3 ай алған. 2024 жылдың бірінші тоқсанында алған.
Биыл Шымкентте атаулы әлеуметтік төлем орташа табысы төмен 8200-ден аса отбасыға тағайындалды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30% аз. Енді салалық министрлік шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсету үшін жаңа пилоттық жобаны іске қоспақ. Яғни, жанұя мүшелерінің табысы ғана есептелмей, шығыны да ескерілетін болады. Бірақ бұйрық әлі заңды күшіне енген жоқ.
Күләш Жақашева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:
- Енді отбасы мүшелерінің табысымен қатар шығыны да ескерілетін болады. Яғни, коммуналдық төлемдерге, тамақтануға және өзге де тұрмыстық қажеттіліктер үшін табысынан көп қаражат жаратса, олар әлеуметтік төлемнен қағылады. Өйткені жанұяның өзге де кіріс көздері болуы мүмкін деген күмән бар.
Пилоттық жоба әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Әйтпесе, бұған дейін жұмысқа жарамдылар мен дәулеттілер де мемлекеттен көмек алып келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауында баса айтты. Сондықтан келесі жылдан бастап Үкіметке «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру тапсырылды.
Гүлжанар Әбдікерімова, Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
- Отбасы картасында мысалы электронды түрде олардың кірісі де, шығысы да барлығы көрсетіліп тұрады. Ешкім ешкімді алдай алмайды. Президентіміз де айтып кетті; қазір әлеуметтік көмекті барлық адам алады. Тіпті жақсы өмір сүретін адамдар да алып отыр оны. Ал бұл жерде көрініп тұрады. Кімге ол керек. Кімге керек емес.
Сарапшылардың пайымынша, «Әлеуметтік әмиянның» артықшылығы ашықтыққа негізделген. Бұл көлеңкелі табысын жасырып, мемлекетке қол жаюшыларды тыяды. «Сәйкесінше, шын мәнінде мұқтаж адамдар қолдауға бағытталған жобалардың шарапатын сезінетін болады», - дейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы