Алматы облысының шаруалары су үнемдеу технологиясына көше бастады

Диқандар су үнемдеуге көшті.

Көбі қазір бау-бақша, егістікті жаңбырлатып немесе тамшылатып суғарады.

Сол су үнемдеуге көшкен диқандардың алды Алматы облысында. Қазір бұл жақта күзгі жиын-терінің қызған шағы. Биыл өңірде 420 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл егілді. Шаруалар негізінен жүгері, күріш, арпа-бидай, күнбағыс, бақша және мал азығы  дақылдарын өсіреді.

Жамбыл ауданында орналасқан бұл ауыл шаруашылығы құрылымы күнбағыс өсірумен айналысады. Олар биыл 900 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізді. Күзгі жиын-терім науқанына 40 шақты жұмысшы тартылды. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Орташа жалақысы – 300 мың теңге.

Шалқар Дінисламұлы, шаруа қожалығының іс басқарушысы:
- Біз 2 мың гектар жер алғанбыз. Биыл 900 гектар жерін аштық. Мына тамшылатып су үнемдеу үшін 17 жерден бұрғылап құдық қаздық. 17 трансформатор орнаттық. Биылғы еккен шемішкеміз гектарына 30 тоннадан айналып жатыр. Кейбір жер 35 тоннаға дейін барды. Шемішкені мына Алматы қаласынан қойма орын алып, қораптап, өзіміз сатамыз. Таратқанда Астанаға, Шымкентке, Қазақстанның барлық көлеміне таратамыз.

Аян Нұрпейісов, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жалпы Жамбыл ауданында 26 мың гектар суармалы егістігіміз бар. Соның бүгінгі таңда 15 мың гектары қолданыста. Су үнемдеу технологиясын қолдану саласында ауданымызда 4 271 гектар қолданыста бар. Оның 2 мың гектары тамшылатып болса, 2 271 гектары жаңбырлатып суғару әдісімен қолданады.

Күрті су қоймасына биыл 110 млн текшеметрден астам су жиналды. Өңірдегі егіс алқаптарын суландыру жүйесі әбден ескіргендіктен, онда су дұрыс жетпейді. Сол себепті нәпақасын жерден іздеген ағайын су үнемдеу технологиясына айрықша басымдық беріп отыр. Жамбыл ауданы бойынша биыл күнбағыспен қоса 2 600 гектар жүгері алқабына тамшылатып суғару технологиясы енгізілді. 

Аян Нұрпейісов, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Бізде Күртіден бері қарай осы Сарытоқым ауылына дейін 72 шақырым магистралды канал бар. Сол магистралды каналдың 49 шақырымында бетон жоқ та, 29 шақырымы бетондалған. Сол себепті қазір жер болғаннан кейін шығын 80 пайыз судың жоғалымы. Су сондықтан аз келеді.

Алматы облысында 100 мың гектардай егіс алқабы орылып, 206 мың тонна астық бастырылды. Әр гектардан орта есеппен 20,6 центнерден өнім алынуда. Күзгі дала жұмыстарының орындалу көрсеткіші 60 пайызға таяп қалды. Диқандар қазан айында күріш пен жүгері ору науқанына кіріседі. Облыс бойынша күзгі жиын-терімге 5,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Ол 300-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымына беріледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов