Астанада көру қабілеті нашар балаларға арналған жалғыз орталық жабылуы мүмкін

Астанада көз жанарынан айырылған және көру қабілеті нашар балаларға арналған жалғыз орталық жабылудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды 24KZ. Мекеме балғындарды қоғамдық өмірге бейімдеп, ой-өрістерінің дамуына көмектеседі. Ата-аналар орталықтың есігіне құлып салынса, қиындыққа тап боларына алаңдаулы. Өйткені көру қабілеті бұзылған балаларға білім беретін оқу орталықтары елорданың өзінде саусақпен санарлықтай.

Көру қабілеті нашар бүлдіршіндер бұл орталықта жаңа ортаға тап болады. Музыканың құдіретін сезініп, өнер әлеміне бойлайды. Адель Қалиева да осында фортепианода ойнауды үйреніп, өзін жаңа қырынан таныған. Қызының жетістігіне анасы дән риза.

Ақзияш Нұрманова, Астана қаласының тұрғыны:

- Бұл орталықта жақсы үйірмелер бар, барлығы тегін, бұл жерге тек көзі нашар көретін балалар келеді. Осы орталық ашылғалы бері осында менің балам, басқа да балалар тоқтамай, барлығы білімдерін жалғастырып жатыр. Бұл орталықта шахмат, вокал, домбыра, шахмат үйірмесі бар. Жан-жақты қамтылған.

Көктемде ғана жұмысын бастаған орталықта бүгінде 40 шақты бала оқиды. Өзі де көзі көрмейтін бірінші топтағы мүгедек Сексенбай Еселбаевтың бастамасымен ашылған мекемеге келушілердің қатары көп. Өйткені қала бойынша арнайы мамандандырылған білім ұйымдарының саны аз. Алайда орталық келер жылы қаржыдан қағылуы мүмкін. Өйткені демеушілермен жасалған келісімшарт жыл соңында аяқталады.

Сексенбай Есілбаев, оқу орталығының жетекшісі:

- Желтоқсан айына дейін болады қаржыландыру. Енді біз Үкіметке сеніп жатырмыз, көмек сұрап жатырмыз осы орталық жабылмасын деп. Бізде нашар көретін 40 бала оқиды. Жеке индивидуалды сабақ оқиды, біздің педагогтар 40 минуттан сабақ береді.

Қоғам белсендісі Нұрбек Еңсебаевтың пікірінше, мұндай орталықтар елге ауадай қажет. Өйткені көру қабілетінде ақау бар бүлдіршіндердің қатары артып барады. Жайлы инклюзиялы орта құру мәселесін Қазақстаннан тысқары жерде де қозғап жүрген белсенді кембағал жандардың емін-еркін жүріп-тұруына қажет құрылғыны да ойлап тапқан. 

Нұрбек Еңсебаев, Sezual қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

- Қазақстанда жасы 18-ден асқан адам алда жалда оқыс оқиғаға ұшырап, көз жанарынан айырылса, ол адамды көзі нашар көретін балалар мектебіне қабылдамайды. Ол адам жұмысын да жалғастыра алмайды. Қазақстанда көзі нашар көретін жандарға арналған инфрақұрылым да қалыптаспаған. Сондықтан мұндай орталық балаларға да, ересектер де өте қажет.

Ал Оқу-ағарту министрлігі елде мамандандырылған оқу орталықтарының саны жеткілікті деген ұстанымда. «Сол себепті көру қабілеті нашар жандар үшін жаңа орталықтарды салудың қажеті жоқ», – дейді.

Жұлдыз Мұқашева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі арнайы білім беру басқармасының бас сарапшысы:

- Балаларды педагогикалық-психологиялық қолдаумен қамтамасыз ету мақсатында елімізде арнайы мектеп, сыныптар, оңалту орталықтары бар. Көру қабілеті зақымданған балаларға арналған 11 арнайы мектеп, 8 арнайы балабақша бар, оның екеуі Астана қаласында орналасқан. Сонымен қатар Астана қаласының 10 мектеп гимназиясының базасында көру қабілеті зақымдалған балалар үшін арнайы сыныптар бар.

Қазақстанда бүгінгі таңда көзі мүлдем көрмейтін 564 бала, сондай-ақ 7 мың көру қабілеті нашар бүлдіршін бар. Демек балғындарды оңалту орталықтарына деген қажеттілік көбеймесе, азаяр емес.

Авторлары: Қуандық Танабас, Әсем Утешева, Асхат Каракошиев.