Құрылыс саласында бірыңғай ақпарат жүйесі әзірленеді

Елдегі құрылыс саласы бұрын болмаған нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Былтыр тұрғын үй құрылысы рекордтық межеге жетіп, 18,9 млн шаршы метрге баспана салынды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ке артық. Бірақ мамандар: «Мұнымен тоқтамаймыз», - деп отыр. Баспана нарығы жаппай реформаланады. Сөйтіп, бірыңғай ақпарат жүйесі әзірленеді.

Құрылыс саласының елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі зор. Демек, оны экономика драйверлерінің бірі деп нық айтуға болады. Соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған нәтижелерге жеттік.

Мәселен 2023 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 15,3 млн шаршы метрді пайдалануға беруі керек еді. Алайда бір жылда меже артығымен орындалып, тұрғындар 17,8 млн шаршы метрдің игілігін көрді. Былтырғы жоспар да толық орындалған.

Марат Жарболов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының басшысы:

- 2024 жылы барлық көздер есебінен ресми деректерге сәйкес Қазақстан бойынша 18,9 млн шаршы метр пайдалануға берілген. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда өсім 6,4%-ті құрайды. Жалпы бізде Мемлекет басшысының сайлауалды шеңберінде 2023 жылдан бастап 7 жылдың ішінде министрлікке 111 млн шаршы метр пайдалануға беру тапсырылған болатын. Ол көрсеткіш бізде орындалуда.

Миллиондаған шаршы метрге баспаналар салынды. Сәйкесінше, ипотекалық бағдарламалардың саны да артты. Әсіресе, қазір «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары халықтың көңілінен шығып отыр. Олардың аясында 10 мыңнан астам несие берілген. Биыл жұмысшыларды қолдау мақсатында тағы «Наурыз жұмыскер» ипотекасы іске қосылды.

Марат Жарболов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының басшысы:

- Құрылыс саласын ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан триллионнан астам қаржы бөлінген болатын. Атап өтсек болады: тек қана министрлік тарапынан 710 млрд теңге бөлінген. Ол инфрақұрылым тартуға, жаңа құрылыс алаңдарын құру мақсатында. Бізде мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бар кезекте тұрған азаматтарға. Одан бөлек, өткен жылы «Наурыз» жаңа бағдарламасы іске қосылды мемлекеттің қатысуымен. Отбасы банк қаражатты тартады, ал біз оны субсидиялаймыз.

Салада біршама жетістік болғанымен, босаңсуға жол жоқ. Тұрғын үйдің санына емес, сапасы мен оның қолжетімділігіне назар аудару керек. Президент осылай деп Үкімет алдына жаңа міндет қойды. Олардың арасында қала құрылысын жоспарлаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру және бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу бар. Яғни, баспана нарығын жаппай реформалау қажет.

Саламат Серікқалиев, «Мемсараптама» РМК бас директорының орынбасары:

- Қазір жеке-жеке ақпараттық ресурстар бар. Бірақ онымен қолданатын құрылысшылар әр ресурсқа бөлек жүгінеді. Бұл қолайсыз. Қазір біз бірыңғай ақпарат жүйесін әзірлеп жатырмыз. Ол құрылыс жобасының барлық процедурасын қамтымақ. Яғни, жобалық тапсырманы даярлау, құжаттарды бекіту және сараптамаға қатысты барлық үдеріс осы жаңа жүйеде жүзеге асады.

Бірыңғай жүйе – құрылыс жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етеді. «Технологиясы дамыған заманды ескерсек, саланың цифрлық форматқа көшуі құптарлық іс», - дейді мамандар.

Владислав Филатов, архитектор-урбанист:

- Бұрынғы заманнан бірыңғай база болмаған. Барлығы шашыраңқы болды. Әрбір құрылысшы жекелеген ресурсқа жүгініп келді. Ал кейбірінің тіпті құжаттары жоғалды. Сондықтан бұл жүйе қағазбастылықтан айырылуға әрі саланың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Тұрғын үй саласындағы осы қарқын бәсеңдемесе, халық жағдайы жақсаратыны анық. Сәйкесінше, ел экономикасы да өркендейді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мадияр Қындыбаев