Қытайда адам тәрізді роботтар көбейді

Қытай адам тәрізді робот өндірісі бойынша жаһандық нарықтың 80%-ын еңсерді. Жалпы Counterpoint Research дерегі бойынша, былтыр әлемде осындай 16 мың құлтемір сатылған. 

Сарапшылар Қытайдың алға шығуын мемлекеттік қолдау, өндірістің ауқымы және технологияларды жедел коммерцияландырумен байланыстырады. 

Қытайдың роботехника нарығы 12 жыл қатарынан алда келеді. Қазір әлемде сатылып жатқан адаға ұқсас автоматты құрылғылардың жартысынан астамы көршімізде шығарылады. Егер 10 жыл бұрын жылына шамамен 33 мың құлтемір жасалса, бүгінде бұл көрсеткіш он еседей артқан. Мұндай қарқынды дамудың айқын мысалы – жақында таныстырылған AgiBot Expedition A3 моделі. 

Бұл адам сияқты жасалған робот кунг-фу қимылдарын еркін орындай алады. Әзірлеушілердің айтуынша, құлтемір тек жекпе-жек элементтерін ғана емес, тұрмыстық және өндірістік тапсырмаларды да орындауға қабілетті. Осы ретте кей сарапшылар роботтардың мұндай даму қарқынына байыппен қарау қажеттігін айтады.

Рейк Кнухтсен, Semianalysis компаниясының сарапшысы:

- Бұл роботтарға бейжай қарауға болмайды. Олардың мүмкіндігі күн сайын артып келеді. Қазірдің өзінде олар адам орындай алатын күрделі қимылдарды қайталай алады. Ал алдағы уақытта кейбір әрекеттер бойынша тіпті адамнан да асып түсуі ғажап емес.

Шынымен көрші елде Көктем мерекесі кезінде өткен шоуда роботтардың өнері көпшілікті таңқалдырды. Олардың қимыл-қозғалысы адамнан кем түспейді. Жиырмаға жуық робот үстел үстінен секіріп, әуеде күрделі кері айналу қимылын жасап, жүгіріп, қабырғаға аяғын тіреп, артқа қарай секіріп түсу сияқты әрекеттерді орындады.

Лю Ся, турист:

- Сапарымыздағы ең ерекше әрі есте қалғаны құлтемірлер болды. Балалар оларды басынан соңына дейін көз алмай тамашалады. Бұл роботтар заманауи технологияны дәстүрлі мәдениетпен үйлестіріп қана қоймай, тіпті кунг-фу қимылдарын да шебер орындайды екен. 

Қытайдың жасанды зердеге негізделген тауарлары бүгінде әлемнің 170-тен астам мемлекетіне экспортталып, елдің технологиялық нарықтағы позициясын нығайтып келеді. Қазірдің өзінде аталған бағыт өндіріс, логистика және қызмет көрсету секторларына елеулі өзгеріс енгізе бастады. Сарапшылардың пікірінше, бұл кейбір мамандықтардың қысқаруына әкелуі мүмкін. Дегенмен жасанды интеллект, робототехника және жаңа технологиялық жүйелерге қызмет көрсететін мамандарға сұраныс арта түспек. 

Авторы: Динара Қуандыққызы