Жасанды интеллект қандай мамандықтардың орнын басады?
ІТ саласының дамуы еңбек нарығында жаңа трендтерді қалыптастырды. Солардың бірі – қашықтан жұмыс істеу.
Соңғы деректер елде 42 мыңнан астам адамның үйден қызмет ететінін көрсетіп отыр. Олардың басым бөлігі қалаларда шоғырланған. трансформацияға ұшырайды деп отыр?
Қашықтан жұмыс істеу форматының жедел енгізілуіне пандемия әсер етті. Сол үшін 2021 жылы заңнамаға арнайы ұғымдар енгізілген. Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары қашықтан жұмыстың жаһандық әлеуетін 18% деңгейінде бағалап отыр. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 6 есе жоғары. Сонымен қатар жаңа технологиялардың көптеп енгізілуі де кей мамандардың қашықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.
Аршат Ораз, ІТ маманы, блогер:
- Кейбір мамандықтар онсыз да жоғалып бара жатыр. Кейбір онлайн жасалатын жұмыстар. Мысалға туристік агенттіктер. Олар да болмауы мүмкін. Адамдар бұдан кейін тікелей өздері ала береді де. Оңай. Онсыз да қазір үйреніп келе жатыр. Кейбір банк қосымшаларында онсыз да барлығы бар. Және журналистика саласында көп нәрсе жоғалуы мүмкін. Классикалық журналистика, редакторлар, корректорлар деген сияқты. Олардың барлығын қазір автоматты түрде жасанды интеллект арқылы жасауға болатын жұмыстар.
Бұл пікірді өзге мамандар да қуаттайды. Дизайнер Батыр Хамзаұлы өз кәсібінің де өзгеріске ұшырап, жаңа бағыттары пайда бола бастағанын жеткізді.
Батыр Хамзаұлы, дизайнер:
- Олар жасанды интеллектпен жасаған видеоларын алып, интернеттегі онлайн сайттарға сата алады. Мысалы сізге Астана туралы бір видео керек болса, фонға қолдану үшін соны барасыз да, сол сайттардан жасап аласыз, сатып аласыз. Соны жасайтын адамдар да пайда болды. Және графикада көп нәрселер автоматтандырылды. Мысалы инфографикалар, нәтижелер, статистикалар, солардың барлығын жасанды интеллектпен енді бірнеше күн емес, бірнеше минутта жасауға болады.
Тың технологиялар, әсіресе, қаржы саласында тиімді қолданылып келеді. «Қор нарығындағы құбылмалы жағдайды мүлт жібермей қадағалауға есептеуіш машиналардың ғана қабілеті жетеді», - дейді сарапшы.
Данабек Қалиаждаров, Astana Hub бас директорының кеңесшісі:
- Қазір тіпті High frequency trading деген нәрсе шықты қыржы нарығында. Ол секунд ішінде жұмыс істейді. Соның арқасында бірнеше жүздеген пайыз пайда көріп отырады. Сондай заманда сіз неғұрлым сондай замаға осындай ақпараттың күніне, сағатына, минутына, секундына шығып жатқан ақпаратты өңдеуге адамның қабілеті жетпейді. Оған көмек керек. Ол көмекті компьютерлер, технологиялар бере алады. Бірақ сіз оны түсінуіңіз керек, білуіңіз керек, қолдана білуіңіз керек.
Сарапшылардың пікірінше, бұл барлық салаға әсер етеді. «Әсіресе, ескі әдіспен атқарылатын мамандық иелері зардап шегеді», - дейді сарапшылар.
Анна Альшанская, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы:
- Болашақта пошташы, кассир, банк қызметкері, әкімші сияқты мамандықтарға сұраныс азаяды. Яғни, қолмен атқарылатын жұмыстарды істейтін мамандар керек болмай қалады. Себебі бұл процестердің барлығы автоматтандырылады. Сондықтан мамандарды қайта оқыту, біліктілігін арттыруға көңіл бөлу керек.
Бүгінде ауыл шаруашылығында адам көмегінсіз жұмыс істейтін технологиялар қолдана бастады. Тіпті аудармашы мен заңгерлердің орнын басып, жүк тасымалы саласына да дендеп еніп келеді. «Дегенмен, жаппай жұмыссыздық болмайды», - дейді мамандар.
Дәулет Арғандықов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті:
- Аталған технологияларды күтіп-баптау керек. Бұл да жаңа жұмыс орындары деген сөз. Кез келген өнеркәсіп төңкерісі жаңа мамандарды алып келеді. Біз аттан бу машинасына ауысқанда ешкім далада қалған жоқ. Тың технологиялар өнімділікті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрады. Тек жұмыс күшіне, оның машықтарына қойылатын талаптар өзгереді.
Яғни, замана көшінен қалмаған азаматқа әрдайым сұраныс болады. Жасанды интеллект бір мамандықты жойғанымен, орнына басқасы келеді. Сондықтан жаңа көмекшілерді сауатты басқаруды білгеніміз артық етпейді.