Мәжілісмендер делдал дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынды
Елде киберқылмыспен күресті күшейту керек. Депутаттар алаяқтықтың белең алуына алаңдаулы, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр ғана азаматтар 45 млрд теңгесінен ойда-жоқта қағылған. Күрделі түйткіл Мәжілістің жалпы отырысында қаралуы бекер емес.
Елде алаяқтық өршіп тұр, соның тең жартысы кибералаяқтық екен. Осы ретте кибералаяқтар мен жапа шегушілер арасында делдал болып жүрген дропперлер көп. Қазір олар куәгер ретінде танылады. Алайда, депутаттар: «Бұларды да қылмыстық жауапкершілікке тарту керек», - дейді. Заңсыз ақша тасымалы үшін бас бостандығынан айыруды сұрайды. Жалпы заңның күшеюіне бастамашы болған Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Марат Бәшімов: «Киберқауіптің алдын алу үшін банктер мен құқық қорғау органдары арасындағы жедел әрекетті бақылау қажет», - дейді.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Банктерде күдікті қаржылық операцияларға, әсіресе, дроп-карталарды пайдалануға байланысты міндетті мониторинг енгізілуі керек. Клиенттердің шоттарын тиісінше бақыламағаны үшін банктерге әкімшілік жауаптылық жүктеу қажет. Киберқауіптерге жылдам әрекет ету үшін құқық қорғау органдары, банктердің өзі және басқа да қаржы мекемелері арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қою маңызды.
Азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін сақтау өте маңызды. Мұны Президент те талай рет айтқан. Депутаттар мәселені шешу үшін нақты қандай ұсыныс білдірді?
Мәселен депутат Мұрат Әбенов электронды цифрлық қолтаңба мен жеке сәйкестендіру нөмірінің шетелдік азаматтарға бей-берекет берілуіне алаңдаушылық білдірді. Бұл азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін шара екенін алға тартты.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Цифрлық даму министрлігіне талай рет ескерту жасадық. Олар халықтың ақпараттық қауіпсіздігін қамтуға міндетті. Олар біздегі қосымшаларға сену керек. Электронды цифрлық қолтаңбаның сенімділігіне күмәнданбауы қажет. Қазір біздің ЖСН-ін бөтен елде жүріп алған шетелдіктердің көбі алаяқ болмасына кім кепіл?
Мәселені бір жақты етпесе, алаяқтық құрбаны болатындар көбейе беруі мүмкін. Өзінің депутаттық сауалында Бақытжан Базарбек осылай деді. Оның сөзінше, алаяқтардың құрбаны ақшасынан қағылып қоймай, сотта қылмысқа қатысы жоқтығын дәлелдеуге мәжбүр болады. Өкінішке қарай тіркелген қылмыстың 36%-і ғана ашылады екен.
Мәселен былтыр 22 мың кибералаяқтық дерегі тіркеліпті. 45 млрд теңгенің қайда кеткені белгісіз. Ал кейінгі 5 жылда кибералаяқтық 1,5 есе өскен. Мәжіліс төрағасы бұл жағдайға бірлі-екілі кінәліні іздеудің қажеті жоқ. «Жауапкершілік тізбектің барлық қатысушысына жүктелуі керек», - дейді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Президенттің бұл мәселе бойынша тиісті тапсырмасы бар. Елімізде қарсы күрес жүргізіліп жатыр, соған қарамастан, киберқылмыстар әлі де толастамай тұр. Сондықтан бүгінгі күні киберкеңістікте жауапкершілікті күшейту өте маңызды. Кибершабуылдардың, әрине, шетелден келетіні белгілі. Және трансұлттық сипатта екені де түсінікті болып отыр. Бірақ бұл жерде жауапкершілік осы тізбектің барлық қатысушыларына бірдей қарастырылуы керек.
Міне, әзіргі жағдай осындай. Негізі елде онлайн несие беру талаптарын өзгерту шаралары қолға алынып жатыр. Азаматтардың өзі де «Стоп кредит» жобасы аясында белгілі бір уақытқа дейін өзін несие алудан шектей алады. Депутаттар бүгін бірінші рет қарыз алғалы отырған азаматтарға онлайн несие рәсімдемеуді талап етті. Сондай-ақ биометриялық идентификацияны да енгізетін уақыт жеткенін атап өтті.