Тиісті құжаты жоқ құрылыстарды жарнамалауға тыйым салынатын болады
Елімізде үлескерлік құрылыс мәселесі қызып тұр. Сондықтан Мемлекет басшысы үлескерлік құрылыстағы заңсыздықтарды жоюды тапсырған, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр Мәжіліс депутаттары бұл саланы реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың қазіргі редакциясында үлескерлердің құқығын қорғау үшін бірнеше тетік енгізілген. Ол қандай механимздер? Жобада нақты қандай шектеулер енгізіліп, жауапкерлішік қарастырылған?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Қазір Мәжілісте бұл құйтұрқы әрекеттердің жолын кесуге бағытталған заң жобасы қаралып жатыр. Оған сәйкес, енді үлескерлермен келісімшарт тек цифрлық түрде жасалуға тиіс. Тиісті құжаты жоқ құрылыстарды жарнамалауға да тыйым салынады. Салынатын айыппұл мөлшері мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Егер заңбұзушылық қайталанса, жаза сомасы екі есе өседі.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Заң жобасында үлестік құрылыстың шарттарын бұзған мердігерлерге салынатын айыппұл көлемін 30 млн теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар Азаматтық кодексте жылжымайтын мүлік нарығындағы қарым-қатынасты реттеуге қатысты нормалар бар. Құжатта үлескерлік туралы заңды аттап өту үшін алдын ала брондау келісімшартын жасауға тыйым салынады.
Сонымен қатар тиісті құжаттары жоқ үйлерге ипотека рәсімдеуге де шектеу қойылады. Бұған дейін мұндай норма болмаған. Енді банктер азаматқа тұрғын үй заемын берер алдында құрылыс нысанын тексеруге міндеттеледі.
Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үлескер өзінің ақшасын банк арқылы салатын кезде банктің КБК деген нәрсесі бар тексеретін. Үлескерлік кодпен салған кезде оларда банктің өзінде интегрированный болады банктің өзімен. Оған алты ай біз уақыт береміз. Қай ЖК-ға салып, төлемін жазып жатқан кезде хоум портал арқылы кепілдік бар ма, жоқ па үлескердің өзіне де банк қызметкерлері де айта алады. Бұл кепілдігі бар компания, бұған салуға болады деген сияқты. Қосымша бұл тағы бір фильтр ретінде көруге болады адамдарды алданып қалмауға бір көмегін, септігін тигізеді деп ойлаймын.
Бірақ құрылысы жолдан тоқтаған нысандардан бөлек, толық дайын болмаса да, қолданысқа беріліп қойған үйлер көп. Солардың бірі – елордадағы Ориенталь кешені. Тұрғындар жауаптылар кінәраты көп ғимаратты қабылдап алғанына аң-таң.
Галина Суслова, қала тұрғыны:
- Мердігер бірінші қабаттан бастап лифт болады деген. Құжат бойынша солай болуы керек еді. Бірақ қазір үшінші қабатқа өрт сөндіру баспалдағы арқылы көтеріліп жүрміз. Ал төменде лифт болуы керек жерлерді бетондап, бизнеске жалға беріп жатыр.
Аманат Бекболат, қала тұрғыны:
- Паркингті өздері бітірмеген. Оны сот кондоминумның жекеменшігіне бергісі келеді де. Сендер басқарыңдар, осыны реттеңдер деп. Біз реттесек, бізге тосқауыл болады бұлар. Сендердің мүліктерің емес. Сендердің қандай қақыларың бар дегендей.
Баян Әбжанова, қала тұрғыны:
- Құжатты алдық деген аты. Бұл үй толық қолдануға берілмеген. Паркингімізден су ағып жатыр. машиналар бәрі суға кетіп жатыр. Гидроизоляция жасалынбаған.
Зейнеш Қабдулкаримқызы, қала тұрғыны:
-Лифт неге үшінші қабаттан бастап қана жүреді? Бәріміз үшінші қабатқа жаяу көтеріліп жүрміз. Пандус өте тік. Баламен көтерілу мүмкін емес. Қыста мұз қатып қалғанда жедел жәрдем көлігі тайғанап, аулаға кіре алмайды. Төбесін жабу керек еді. Ол да аяқсыз қалды.
Тұрғындар бірнеше мәрте соттасып, мердігерге кінәраттарды жою міндеттелген. «Бірақ әзірге баяғы жартас – сол жартас», - дейді үлескерлер. Ал қазір Мәжілістегі жұмыс тобында заң жобасын талқылауға қатысып жүрген Жанэль Бейсен болса, бұл мәселені эскроу-шот арқылы шешуді ұсынып отыр. Яғни, қаражат арнайы шотта сақталып, ақшаны компания нысанды толық аяқтаған соң ғана алады. «Сонда құрылысшылардың жауапкершілігі артады», - дейді ол.
Жанэль Бейсен, үлескер:
- Мердігер құрылысты аяқтаған соң бірінші компания нысанды қабылдап алады. Содан кейін әр тұрғынның келісімін алу керек. Яғни, мердігер пәтер иесінің құрылысқа көңілі толатыны туралы құжатпен келген соң ғана қаражат берілуі керек. Себебі қазір құрылысшылар әу бастағы жобадан ауытқып кетеді. Материалды үнемдеу үшін қулыққа баратындар да бар. Соңында қарапайым халық зардап шегеді.
Осылайша, тұрғын-үйді қабылдап алу кезінде барлық мүдделі тараптың пікірі ескеріледі. «Сонда табан ет маңдай термен тапқан ақшамызды ешкім үптеп кетпейді», - дейді үлескер. Дегенмен, заңға бұл норма әлі енгізілген жоқ. Демек, мәселенің басы ашық деген сөз.