Жол құрылысында жаңа технологиялар қолданылады

Жол салу ісінде жаңашылдық бар. Дәлірек айтқанда, биыл төзімділігі жоғары заманауи технология кеңінен қолданыла бастайды. Мамандар жол құрылысына арналған 79 жаңа материалды алдын ала зертханалық сынақтан өткізген. Енді іс жүзінде сынап көрмек.

Жолдардың тозуына ең алдымен жүк көліктерінен түсетін ауыр салмақ әсер етеді, сосын климаттық жағдай. Оңтүстік өңірлердегідей ұзақ уақыт ыстық әрі құрғақ температурадан асфальт төсемесі жұмсарып, шөгеді. Сондай-ақ аяз, қар мен жаңбырдан жол жабыны жиі тозады. Енді мамандар жол салмас бұрын әр өңірдің ауа райы жағдайын мұқият ескереді. Сәйкесінше тың технологияны қолданады.

Анар Ғабдуллина, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Ел тарихында алғаш рет жол құрылысына арналған 70-тен астам жаңа материал дала сынағынан өткізіледі. Осылайша ең тиімдісін таңдап, қолданысқа енгізе аламыз. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі жөніндегі Ұлттық стратегиясы әзірлене бастады. Оның мақсаты – жолдардағы қайғылы жағдайларды азайту. Білікті кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөліп отырмыз.

Жол салушылар біздің ел де Superpave, яғни суперасфальт технологиясына біртіндеп бет бұрғанын айтады. Әсіресе климаты қатаң елдер бұл технологияның пайдасын мойындап үлгерді. Оның мәні жол жамылғысының қолайсыз температура салдарынан жарылуына жол бермейді. Есесіне күрежолдарды күтіп-ұстауға кететін шығын бірнеше есе үнемделмек. Биыл алғашқы 7 жол учаскесі осы әдіспен салынады. Сондай-ақ автокөлік көпіріндегі ақауды анықтайтын жылдам диагностикалау мобильді кешені іске қосылды. Оның ерекшелігі тіпті көзге көрінбейтін олқылықты байқай алатынында.

Ерік Әмірбаев, «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті:

- Бұл әдіс көпірлердің жасырын ақауларын жол қозғалысын тоқтатпай әрі арнайы ауыр техниканы қолданбай-ақ, бірнеше минутта анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе түрлі датчиктерден тұрады. Олар көпірдің тербеліс жиілігі, деформация өлшемі секілді мәліметтерді жинақтап, нысанның эксплуатациялық жай-күйін білуге мүмкіндік береді.

Ұлттық стратегия жайында. Бұл да биыл алғаш қолға алынып, әзірлене бастаған құжат. Алдағы уақытта тасжолдарда көлік апатынан болатын өлім-жітім азаяды деген үміт бар. Мамандар ғылым мен жаңа технологияларды енгізудің арқасында қайғылы жағдайлар санын 30%-ке азайтуды көздейді. Бұнда да Швеция, Чехия, Оңтүстік Корея, Жапония секілді елдердің тәжірибесі ескерілген.

Авторы: Рухани Әбдірахман