Жазушылар Әкім Тарази туралы: Оның өнері мен өнегесі мәңгілік

Бүгін бір дәуір көшті. Қазақ әдебиеті қара жамылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды 24kz.

Кесек ойларымен, қайталанбас шығармаларымен бірнеше буынды тәрбиелеген тау тұлғаның қазасына байланысты Президент оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.

«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін, көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады», - делінген жеделхатта. Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Табиғат толғатып, тарих тудырып, уақыт шыңдап және қоғам ұштайтын тау тұлғалар болады. Әкім Тарази сондай алып, жасы 90-нан асса да тоқырамаған абыз еді. Келместің кемесіне бұрынырақ мінерін сезді ме, осыдан бір жарым жыл бұрын жазушы Мұхтар Мағауин осы туралы ойын жеткізген еді.

Мұхтар Мағауин, Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы:

- Әкім маған әлі сол 35-тегі қайратты, жас қалпында. Кішкене аз-маз өңіне көлеңке кірген болуы мүмкін. Ал, басқасы, ақыл-ой, парасаты, мінезі бәрі бұрынғы қалпында.

Әкім Тарази – жазба байлықтың қамбасы. «Аталы сөз атан түйеге татиды» дегендей оның 12 томдық шығармалар жинағы қаламгердің қайраткерлігі мен қажырын аңғартады.

«Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары сананы сілкиді. Ол жаны езіліп, белі бүгіліп жазған. Тек еш түңілмеген. Себебі, оның көзі – көкірегінде. Келешекті көре білді, көрсете білді, оқырманын жетектеп жүрді.

Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын, жазушы, киносценарист:

- Әдебиетте кесек кейіпкерлер жасаған сұңғыла суреткер. Кешегі Кеңес уақытында айтуға келмейтін дүниелерді оқырманның санасына кейіпкерлер арқылы қалай жеткізгені. Мынау «Қорқау жұлдыз» романында кеңес адамын стандарқа салып, Кеңес адамы жасаймыз деген саясатын сол романдағы Түнқатар деген кейіпкер, Лима деген кейіпкер арқылы өзін өзі соңында өртеп, жарып жіберетінге дейінге келген қыспағын сол уақытта көрсете білген қайраткер қаламгер.

Қағаз бен қаламға серт беру – ар алдындағы сот. Сондықтан Әкім Тарази өз қағидасын өзгеге пайдаланды. Жазушының «Шын дос аямау керек. Кемшілігіңді айтпай, сипап қойған адам – қас. Осы нашар қалпыңда жүре бер» дегені сөзімізге дәлел.

Қуаныш Жиенбай, жазушы:

- Сонда менің «Ән салуға әлі ерте» деген романымды Әкім аға 1 ай оқыды. Кейін қалжыңдап: «Әкім аға сонша оқығаныңыз не деп едім, «айналайын, мен өзі солай, кезінде «Абай жолы» романын 4 ай оқығанмын, Шолоховтың «Тихий дон» романын 4 ай оқығанмын. Сондықтан романның ішінде менің ұстанымым бойынша әрбір шығарманы үстінен аттап өту деген менде болмайды. Мен әрбір шығарманы асықпай, баппен, әрбір сөйлемді мағына-мән беріп оқимын. Бір сөйлем оқылмай қалса, кереметтің бәрі мен үшін сол бір сөйлемнің ішінде кеткен сияқты болады. Сондықтан мені асықтырма», - деп ағалық көңілімен маған үлкен жолсапар тілегендей болған.

Тарази «әдебиеттің Әкімі» ғана емес, Мәскеуде кино сценариі мамандығын оқыған тұңғыш қазақ. Киногерлер одағын 16 жыл басқарды.

Бірақ басқарумен «түбінде әр бұтаның ұлтым жатыр» деген ұстанымы қатар жүрді. «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері соның сценариімен түсірілді. Қазақ киносының алтын қорына енді. Әкім Тарази: «тірі өнер – драматургияның да дүлдүлі. Жолтай-Жұмат Әлмашұлына драматургия – асау, ақсүйек әрі ауыр жанр екенін, егер игерсең қасиетің, игермесең қасіретің», - деп ескерткен.

Жолтай-Жұмат Әлмашұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, драматург:

- Қазақ драматургиясын өрге сүйреді. Драмалық шығармалары әрқилы, трагедия, драма, комедия да бар. Жанрдың аражыгін ажыратып, жымдастырған. Әуезов пен Мүсірепов, Қалтай Мұхамеджанов, Сафуан Шаймерденовтерді айтсақ, өзінше дем беріп, жол салған. Сахнаға өзінше бір серпіліс алып келген драматург.

Әкім Таразиді қара орман қазақ қана іздемейді. Түркі жұрты жадында жаңғырады. Толғаған сөздері толқын боп замана жағасына жетіп тұрады. Өйткені өзі келместің кемесіне мінсе де, өнері мен өнегесі мәңгілік.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Азамат Саметов, Бағдат Қайыркен