Алматыда «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты дәріс-концерті өтті
Әл Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары. Алматыда өнер зерттеуші ғалым Сағатбек Медеубекұлы осындай тақырыпта дәріс-концерт өткізді.
Шығармашылық кешке музыкалық оқу орындарының оқытушылары, дәстүрлі әншілер мен студенттер қатысты. Басты мақсат жастарға қазақ музыкалық аспаптарының бай тарихын жеткізу.
Ұлы ойшыл энциклопедист - ғалым Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» деген еңбегінде өз дәуіріндегі музыкалық аспаптар туралы айтылады. Өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы өз жұмысында солардың қазақтың музыкалық аспаптармен ұқсастығына назар аударған. Мәселен Фараби еңбегіндегі танбур-домбыраға, шахруд–адырнаға, мизмар-сыбызғыға, сурнай -сырнай, тубыл- дабылға келеді. Осылардың қатарында жетігенге ұқсас аспап туралы жазылған.
Сағатбек Медеубекұлы, өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты:
- Әл-Фараби қалай жасалу керектігін айтып, бірақ қандай аспап екенін айтпай кетеді. Сол сипаттама бойынша мен соның сызбасын жасап шыққанда жетіген аспабы жасалды.
Өнер зерттеушісі уд, ребаб, тебильбаз секілді аспаптарға ұқсас басқа да қазақтың ұлттық аспаптарының пайда болу тарихы мен атауларының астары туралы ақпарат берді. Әл-Фараби айтқан аспаптардың қазақ ұлттық аспаптарымен қандай байланысы бар және оны болашақта зерттеудің бағыттары қандай. Танымдық дәріс осы мәселелерді қамтыды.
Сағатбек Медеубекұлы, өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты:
- Мамандармен байланыс жасай отырып, тыңдаушылар, докторанттар, студенттер мен ұстаздардың сұранысы не адамзаттық музыка аспаптары мен ортақ Әл-Фарабидың бізге байланысын одан әрі музыка асапаптары арқылы жақындатып айқындай түсу мақсатында тағы біраз жұмыстар жасаймын. Тағы да жеке-жеке аспаптар туралы зерттеуге болады деп ойлаймын.
Сағатбек Медеубекұлының «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» ғылыми еңбегінің электрондық нұсқасы музыкалық оқу орындарында бар. Әріптестерінің айтуынша, ол қазақтың музыка өнерінің шын жанашыры. Оның Жетісу өңірінде қалыптасқан күйшілік өнер мен әншілік өнері туралы жазылған еңбектері аса құнды.
Мұрат Әбуғазы, өнертанушы, домбырашы:
- Өнер саласында кеңінен қолданылады. Дәстүрлі орындаушылық мектептердің жандануына үлкен септігін тигізген. Қожеке күйшіні зерттеген, ғылыми еңбегін халыққа табыстырған. Әл-Фараби жазып кеткен еңбектерін мына біздің қазақтың музыкалық аспаптарымен байланыстыра зерттеу деген еңбек бола қойған жоқ осы уақытқа дейін Сағатбек ағамыз осы еңбекті жазып отыр. Бұл еңбек музыка саласындағы мамандарға керек.
Дәріс барысында өнерпаздар ән-күй орындап, оның шығу тарихына да тоқталды. Дәл осындай оқулар ғалымдардың зерттеушілердің ғылыми еңбектер жазуына түрткі болмақ.