Туристердің санына емес, сапасына көңіл бөлінеді
Елге Малайзиядан келген туристер көбейіпті. Бір жылдағы көрсеткіш 5 есе өскен.
Иә, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының хабарлауынша, алдыңғы жылы 3,5 мың мейманды қабылдасақ, былтыр 17 мыңнан асқан екен. Бұл Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы қатынастың беки түскенін аңғартса керек. Елде туризм стратегиясы өзгереді. Енді мамандар санға емес, қонақтарға қызмет көрсету сапасына көңіл бөлуге, сондай-ақ әр туристің экономикаға әсерін бағамдауға ниетті. Туризм және спорт вице‑министрі Ержан Еркінбаев елге келген шетелдіктердің көптігі негізгі инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуіне және сервис деңгейінің төмендеуіне әкеп соққанын айтады. Мәселен «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында демалушылар жылдан-жылға артып жатыр. Алайда келушілердің қауіпсіздігі мен демалу сапасы ақсап тұр. Сол себепті құзырлы органдар төлемге қабілетті туристерді тартуға басымдық бермек. Бұл өз кезегінде саладағы кәсіп иелеріне жауапкершілік жүктейді. Яғни әлеуетті меймандарды қабылдап, соған лайық қызмет көрсетуге дайын болу маңызды.
Енді туристерден түскен кірісті есептеп көрейік. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, шетелдік меймандар елге келгенде, яғни кем дегенде 4 күнде, шамамен мың жарым доллар жұмсайды.
Мысалы, былтыр Қытай азаматтары біздің экономикаға 307 млн доллар құйған. Тізімді Германиялықтар жалғайды. Олар елде демалу үшін 56 млн доллар жұмсаған. Түріктерден түскен түсім 53 млн доллар шамасында. Ал АҚШ халқы 47 млн доллар қалдырды. Қазақ туризм өкілдерінің айтуынша, қыста келетін бір турист күніне 350 доллар жұмсауы мүмкін. Ал жаппай жағажайда демалушылар 50 доллар шығындайды. «Айырмашылық жер мен көктей. Демек Алматыдағы тау шаңғы кластері сияқты, негізгі инфрақұрылымдарды дамыту қажет», - дейді мамандар.
Туристердің экономикадағы үлесі қандай?
Кытай – $307 млн
Германия – $56 млн
Түркия – $53 млн
АҚШ – $47 млн
Инна Рей, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрағасы:
- Туризмнің пайдасы әуе компаниялары көбірек көреді. Себебі, әр мейманнан түсетін түсім айтарлықтай. Бұдан кейін қонақүйлер, мейрамханалар, экскурсиялық қызмет ұсынатын туристік компанияларды айта алам. Демек, қонақжайлылық индустриясы жақсы пайда көреді. Әрине, мемлекет те ұтылмайды. Өйткені жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазынаға салық түседі.
Туризм: 181 инвестициялық жоба жүзеге асады
Иә, шетелден келетін туристерді тарту маңызды. Осы орайда елде құны 1 трлн теңге болатын 181 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Олар 2027 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. Нәтижесінде туризм саласында 800 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Әсіресе, ауыл-аймақта агротуризмді дамытуға көңіл бөлінеді. Бұл 10 мың жұмыс орнының құрылуына сеп болмақ.
Цифрлық туризм
Сондай-ақ елде туризм саласын бірыңғай сандық жүйеде біріктіріледі. Ол арқылы сапарды жоспарлаудан бастап, тұрғын жайды реттеу және байланыс сияқты кезеңдерді интеграциялау көзделеді.
Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Үкімет отырысында да туризмді цифрландыруға ерекше назар аударылды. Демек бұл үлкен маңызға ие бастама. Қазір елімізде 8 тілде қолжетімді Kazakhstan.travel туристік порталы жұмыс істейді. Әуежайларда QR код жүйесі, сондай-ақ eQonaq қонақтарды тіркеу платформасы іске қосылған. Десе де біз цифрлық шешімдерді дамыта береміз. Енді ұялы байланыс операторларынан бастап электрондық төлем жүйелеріне дейінгі жаңа дерек көздерін біріктіру қажет. Мұндай кешенді тәсіл туристер мен сала өкілдері үшін ашық және ыңғайлы цифрлық ортаны құруға мүмкіндік береді.
Ел ішінде саяхаттау трендке айналды
Мамандар биыл ішкі туристер саны 11 млн-нан асады деп болжайды. Отандастарымыз қазір экотуризм, кемпиң және автотурларды таңдайды екен. Кәсіби гидтердің айтуынша, туристер Алматының көркем жерлерін аралап, Түркістанның киелі аумағына барғанды құп көреді. Бір қызығы, танымал емес мекендерді қазақстандықтардан көрі шетелдік туристер көбірек іздейді. Бұған еліміздің әлемнің туристік картасындағы орны әсер еткен сыңайлы. Халықаралық рейтингте де ел беделі артып жатыр.
Қазақстан халқы ассамблеясының 34-ші сессиясында сөз алған мемлекет басшысы көк паспортымыздың абыройын атап көрсетті. Бұл құжат ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Демек қазақстандықтар да турист ретінде әлем елдерінде құрметке ие бола береді.