Қарағандылық желаяқтар Нүркен Әбдіровтің туған ауылына марафон ұйымдастырды

Қарағандылық желаяқ спортшылар Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровтің туған жері – Жарлы ауылына дейін марафон ұйымдастырды, деп хабарлайды 24kz.

250 шақырымдық еске алу эстафетасы Қарағандыдағы батыр ескерткіші жанынан басталды. Батырдың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртып жүрген оның туыстары әлі күнге дейін Нүркеннің анасы Бағжан Жайкеновадан мұра болып қалған қара шаңырақта тұрып жатыр.

Нүркен Әбдіров 1919 жылы Қарқаралы ауданында бұрынғы 5-ші ауыл, қазіргі Жарлы елді мекенінде дүниеге келген. Алдында Сәрсен мен Сәдірбек есімді ағалары болыпты. Әбубәкір ақсақал Сәрсен Әбдіровтың баласы. Оның айтуынша Нүркенмен бірге соғысқа аттанған Сәдірбек елге оралмаған. Ол туралы әлі күнге еш дерек жоқ. «Нүркен батырдың Ресейдегі жерленген жері белгілі болған соң анасы Балжан Жайкеноваға еріп барғанда 15 жаста едім», - деді Әбубәкір ақсақал. 

Әбубәкір Әбдіров, Нүркен Әбдіровтің немере інісі:

- Апам осында жаз болғаннан кейін айтты: «мен Нүркеннің басына барамын» деп. Нүркен басына барғанда мен жалғыз едім. Үш ағайындыдан жалғыз ұрпақ. Сол ұшаққа бізді отырғызып, Вёшинский ауданына бізді алып барды. Бейіт басына апарды. Сол жерде үлкен жиналыс болып, жақсы жағдай болды.

Сол сапарда батырдың анасы келгенін естіп, орыс жазушысы Михаил Шолохов құрмет көрсетіп, үйіне шақырыпты. «Ол туралы қаламгердің қолжазбалары болуы мүмкін», - деді Әбубәкір ақсақал. Нүркен Әбдіровтің зираты Ростов облысының Боков елді мекені маңында. Жергілікті халықтың қазақтың қайсар ұлына деген құрметі әлі күнге ерекше.

Бахтияр Әбдіров, Нүркен Әбдіровтің немересі:

- 2019 жылы Нүркен атамыздың 100 жылдығына орай біз Волгоградтағы Мамаев қорғанына бардық. Ол жерде ескерткіш тақтасы бар. Содан кейін Ростов облысының Боков елді мекеніндегі зират басына соқтық. Жергілікті халық бізге батырдың туыстары деп ерекше құрмет көрсетті. Атамыздың ерлігін ұмытпай, үнемі ұлықтап жүреді екен. Тіпті келе жатқанда жол сұраған адам «Біздің батыр Нүркенге келдіңдер ме?», - дегенде тебіренбей қоймадық.

Нүркен Әбдіров Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген әуе шайқастарына қатысып, жаудың танкілері мен жанармай қоймаларын, оқ-дәрі тиеген керуендерін, зениттік қондырғыларын және жаяу әскерін талқандап, ерен ерлік көрсетті. Оның майдан даласындағы ерлік істері жауынгер достары мен командирлерінің жүрегінде мәңгі сақталды. Сұрапыл соғыс жылдары Нүркен елге 40-тан астам хат жазған. Бұл хаттар бүгінде мұрағатта сақтаулы, батырдың рухани әлемінен сыр шертетін құнды тарихи дерек көзіне айналды. Ол соңғы хатын 1942 жылдың 23 қазанында жолдаған. Ал араға небәрі екі ай салып, 19 желтоқсанда серігі Саша Комиссаровпен бірге соңғы рет көкке көтерілді. Бұл олардың ерлікке толы соңғы сапары еді.

Темірғали Аршабеков, Қарағанды облысы ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатының басшысы:

- Олардың ең басты шешімі ол ұшақтан секіріп кетпей, жау колоннасына, дзоттарына өзінің жанып бара жатқан ұшағын қаншама фашистті өзімен бірге ала кетті. Ол өзін сақтап қалуына болушы еді. Бірақ ол өзінің соңғы демі біткенше өзінің отанға деген ерлігін көрсете білді.

Батыр даңқы уақыт өткен сайын арта береді. Жеңістің 80 жылдығына орай қарағандылық спортшылар Нүркен Әбдіровтің туған жері Жарлы ауылына дейінгі 250 шақырымды жүгіріп өтті.

Ісләм Мүслімов, ардагер спортшы:

- Туған жері Нүркен Әбдіровтың 5-ші ауылға барамыз. Барлық жігіттер дайын. 250 шақырым жүгіріп шығамыз.

«Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» деп білетін халқымыз батыр Нүркенін ұмытқан емес. Бүгінде Қарағанды қаласында батыр атындағы көше, спорт кешені және әскери әуе айлағы бар.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит