Барлаушы Әлмұқан Сембиновке арналған жинақ жарыққа шықты

Елде 500 көшеге қазақ қаһармандарының аты беріледі. Мұны Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру кезінде Президент айтты. Бұл батыр бабаларға көрсетілген құрмет. Ерліктеріне тағзым. Сол ерлердің бірі – «Даңқ» орденінің толық иегері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Ақмола өңірінің тумасы Әлмұқан Сембинов. Астананың бір көшесі осы батыр бабамыздың атымен аталады. Бірақ ол жайлы жұрт біле ме?

Уақыт өткен сайын Халық қаһармандары да аты ұмыт болып барады. Әлмұқан Сембинов сондай есімдердің бірі.

Сауалнама:

- Көшені білем, Әлмұқан Сембинов екенін. Бірақ ол қай саладағы адам екенін білмедім.

- Әлмұқамбет па? Білмеймін.

- Көшелер толып жатыр неше түрлі. Назарбаевты білем. Бауыржан Момышұлын білем. Рақымжанның көшесін білем. Ал мына Сембиновты бірінші рет естіп отырмын.

- Мен ойлаймын енді осы қазақ еліне еңбегі сіңген жазушы ма екен, ақын ба екен, әлде соғыс ардагері ма екен? Білмейміз енді, өкінішке қарай.

Иә, батырын ел де ұмыта бастаған. Дәтке қуаты Астана қаласының Мемлекеттік архиві осы оқылықтың орнын толтыруға тырысып келеді. Арнап кітап та басып шығарды. «Даңқ» орденінің толық иегері, соғыс ардагерінің есімі тек көше тақтайшасында ғана қалып қоймауы керек», – дейді архив директоры Жангелді Бимолдин.

Жангелді Бимолдин, Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры:

- Әлмұқан Сембиновтың осы қала жұртшылығына танымал еместігі бізді кішкене күйзелтті. Осындай батыр тұлғаларымыздың жарыққа шығатын дүниелерін неге шығармасқа деген ой түсті. Осының негізінде бір жылдың көлемінде осындай үлкен жинақ шықты. Тұлғамызды дәріптеу үшін. Үлкен жинағымыз қазір қала жұртшылығының қолына тиіп, үлкен қызығушылық тудырып жатыр.

Әлмұқан 18 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Қысқа мерзімді алғашқы әскери дайындықтан өткен соң 1-ші Беларусь майданына қарасты 1210-ші жаяу атқыштар полкінің барлаушылар ротасына жіберіледі.

Ғазиза Исахан, кітап авторларының бірі:

- Алғашқы ерлігі 1944 жылы Быхов деген қалаға кірген. Днепр өзенін екі тақтайды ала салып, соныменен тез-тез судың арғы бетіне өтіп, немістердің ортасына түсіп, жаңағыдай мына жаққа ақпарат беріп үлгеріп, «немістер қашып жатыр», – деп және сол жерде екі қайықты суға батып жатқан, соны тазалап мынау жауынгерлердің өзеннің бір шетінен бір шетіне өтуге тез-тез қимылымен ерлік көрсетеді. Еркін өскен және тез қимылдаудың ретін білетін азамат ретінде де көрінеді.

Оспанның Әлмұқанға дейін екі ұлы болған. Өкінішке қарай, 1920 жылдары аурудың салдарынан екеуі де қайтыс болады. Одан кейін Алтыншаш, Әлмұқан, Мәрияш есімді балалары өмірге келеді. Алтыншаштың қызы Бақыт Батталқызы нағашысын көргенін айтады.

Бақыт Батталқызы, Ә. Сембиновтің жиені:

- Әлмұқан аға біз үшін өте ашық жарқын адам болды. Ол біздің үйге келген сайын қуанып, мәз болып қалатынбыз. Бірақ оның болмысында темірдей берік мінез бар еді. Әлмұқан аға әзілқой әрі үнемі күліп жүретін. Мұны есімде жақсы сақтаппын.

Қанша уақыт өтсе де, батырлардың есімі ұмытылмауға тиіс. Олар – бүтін бір ұрпақтың жадына рух беріп кеткен қаһармандар. Авторлар бұнымен тоқтап қалмақ емес. «Ендігі жоспар – Әлмұқан Сембинов сынды таутұлғалы батырлардың өмір жолын зерттеп, көпшілікке жеткізу», – дейді авторлар.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Сержан Айтжан, Мерей Талап, Нұрғали Мамырбаев