Елдегі автожолдардың сапасын жақсартуға 750 млрд теңге бөлінді

Биыл елдегі автожолдардың жағдайын жақсартуға қазына қаржысынан 750 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген, деп хабарлайды 24KZ. Бұған сәйкес жыл соңына дейін 13 мың шақырым жол жөндеуден өтіп, «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған» және «Атырау – Доссор» автожолдары жаңғыртылмақ. Қазіргі таңда 10 мың шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жол бойындағы сервис те жіті назарға алынған. Жол бойындағы мың жарымға жуық нысанның 90%-і ұлттық стандартқа сәйкес жұмыс істеп тұр. Бюджеттен бөлінген қаржы қаншалықты тиімді игеріліп жатыр? Жыл соңына дейін тағы қандай бағытта жаңа жолдар ашылмақ?

Еліміздегі автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымнан асады. Оның 25 мыңы республикалық деңгейдегі, 70 мың шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Өткен жылы соның 12 мың шақырымы жөндеуден өткізіліп, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелі, Шамалған станциясындағы жол айрығы мен Түркістан облысындағы тоннель қолданысқа берілді. Биыл тағы 13 мың шақырым жолдың жағдайы жақсартылмақ.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Жыл соңына дейін 9 мың шақырым жолда жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Құрылыс және қайта жаңарту шеңберінде ұзындығы 1 мың шақырымды құрайтын 10 өтпелі жобаның іске асырылуы жалғасып жатыр. Бұл жобалар қатарына Қалбатау – Майқапшағай, Қүрті – Қонаев, Қызылорда – Жезқазған, Ұзынағаш – Отар және басқа да бағыттар кіреді.

Бұған қоса министрдің сөзіне сенсек, «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған», «Атырау – Доссор», Қызылорда және Рудный қалаларының айналма жолдарын жаңғырту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Алайда жергілікті жолдардың сапасына қатысты тұрғындардан келіп-түскен шағымдар легі де аз емес. Мәселен, депутат Дүйсенбиновтың сөзінше, 2023-2024 жылдар аралығының өзінде өкілетті органға 20 мыңға жуық шағым келіп түскен. Ал депутат Әлібек Наутиев жолдарды жөндеуге келгенде облыстар бөлінісінде айтарлықтай алшақтық бар екенін жасырмайды.

Әлібек Наутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мысалы, егер Жамбыл облысында жолдардың 99% нормативтік жағдайда болса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 2 есе төмен және тек 56% құрайды. Бүгінгі таңда диагностика толық көлемде республикалық маңызы бар автожолдарда ғана жүргізіліп, жергілікті маңызы бар жолдар мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Депутат ауыр салмақты жүк тасушы көліктерді қадағалауда да олқылық барын алға тартты. Нормативке сәйкес олардың салмағы жол төсемінде бір оське есептегенде шамамен 8 тоннадан аспауы тиіс. Бірақ 2020-2023 жылдар аралығында автоматтандырылған өлшеу станциялары бұл бойынша 175 мыңнан астам бұзушылықты тіркеген.

Әлібек Наутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Аталған проблеманың оңды шешімінің бір жолы автоматтандырылған өлшеу станцияларын енгізу болуға тиіс. Жоғары аудиторлық палатаның ақпараты бойынша АӨС жұмысы жүйедегі қате деректер мен техникалық ақауларға байланысты кезең-кезеңімен жұмыс жасамай қалып жатыр.

Жол құрылысы материалдарының тапшылығы, оның ішінде битумның жеткіліксіздігі де автожолдарының сапасына тікелей әсер ететіні мәлім.

Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Көктем айлары мен күзге дейінгі айларда жалпы битумның жетіспейтін мәселесі бар. Бізде Қазақстанда бар-жоғы 4 қана зауыт. Барлық Қазақстанды қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан мына маусымдық ауытқуды шешудің жолы бұл битум қоймаларын салу деген мәселе. Марат Кәрімжанұлы, жалпы осы битум қоймаларын салуды сіздер жоспарлап отырсыздар ма және қай кезде саласыздар? Қай жерде саласыздар деген мәселе.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Былтыр Ресей тарапынан 300 мыңға дейін импорттауға мүмкіндік алдық. Нәтижесінде былтыр битум тапшылығы біраз төмендеді. Бұл бірінші мәселе. Дәл осындай құқығымыз биыл да бар. Екінші мәселе, биыл Каспий битумының қуаттылығы 500 мыңнан 750 мыңға дейін көбейді. Яғни былтыр 880 мың шығарсақ, биыл қазір 1 млн 100 мың тоннаға дейін шығарамыз. Бірақ бізге қажеттілігі биыл жұмыстың ауқымына ұлғайып жатыр. 1 млн 400 мың тоннадай битум. Сонда Ресейден 300 мың тонна, дегенмен де тағы да импорт қалады.

Жол сапасын бақылауда ұстап, оны уақытылы күтіп-ұстау үшін елде ақылы жолдар көбеймек. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын 17 ақылы жол учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардан былтыр 48 миллиард теңге көлемінде төлем жиналған. Енді алдағы жылда тағы 29 тасжол учаскесі ақылы жолдар санатына қосылмақ.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Биыл жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ұзындығы 6,2 мың шақырым болатын тағы 29 учаскеде ақылы жол жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ақылы жолдардан жиналатын төлем көлемі 100 миллиард теңгеден асады деп күтіледі.

Автомобиль жолдарының ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету мақсатында инновациялық технологияларды енгізуге басымдық беріледі. Бұл бойынша бірыңғай деректер базасы құрылып, нәтижесінде онда Қазақстандағы барлық жол-құрылыс материалдары туралы ақпарат ұсынылған. Бұдан бөлек, Қазақ ғалымдары битум мен топыраққа арналған жаңа қоспалар, минералдық ұнтақ, жол таңбалау бояуы мен жабындыны жаңғыртуға арналған қоспаларды ойлап тапқан.

Авторлары: Назым Қайрат, Марат Диханбаев