Балмұздақ тұтыну мен таңдауда абай болу керек
Елдегі тәтті нарық сәтті жүріп жатыр. Биыл 5 айда 24 мың тоннаға жуық балмұздақ өндірілді. Өткен жылға шаққанда 17 пайызға артық. Біздің өнім ТМД мен Қытайда сұранысқа ие. Экспорт 40 пайызға өсіп, 4 жарым мың тоннаға жетті. Ал импорт көлемі 3 мың тонна.
Балмұздақ – бағзыдан бар. Бірақ, түп-тамырына талас тарқаған жоқ. Таңдайда еритін тәттінің тарихын әр ел өзінше әспеттейді. Сүтті мұздатып дастарханға қою Ресейдің ертедегі дәстүрі екен. Ал Ежелгі Таяу Шығыс балмұздақты «қар шербеті» десе, Ортағасырлық Францияда сүт мұзы, Италияда неполит мұзы атты тағам жасаған. Қытайда дастарханға апельсин, лимон, анар кесінділері араластырылған қар мен мұз қойған. Қазақ сүтті мұздатпаса да тұздап құрт немесе шекер сеуіп балқаймақ әзірледі. Рецепт түрлі болғанымен түбінде дәмі тіл үйіретін десерт әлемді жаулады. Біз бұны «балмұздақ» дейміз.
Балмұздақ шығаратын ірі кәсіпорынның бірі Көкшетауда орналасқан. Өндірістік қуаты тәулігіне 175 тонна. Көлем нарық сұранысы мен шикізатқа байланысты. Биыл жаңа тауар түрлері шығады және дәмі де түрленеді. Бірақ көрші Ресейге жеткізуде кедергі көп. Одан да Қытай мен Дубайға экспорттауды ойластырып отыр. Онда десерт тұтыну маусымы да ұзағырақ.
Ерсайын Жақсылықов, Сүт өнімдерін өндіру кәсіпорынының басшысы:
- Оның бірнеше себебі бар. Мысалы, кей өнімдерді кодтау бойынша проблема туындады. Ол үшін тіркеліп, дистрибьюторлық компания табу керек. Бірақ бұған дейін Түмен, Омбы сияқты жақын қалаларға май мен балмұздақ жеткізіп тұрғанбыз. Біз қазір тек қайта өңдеуге арналған өнімдер сатамыз.
Сапаға жауапты мамандар соңғы 7 жылда балмұздаққа қатысты шағым түспегенін айтты. Алайда сақтансаң, сақтайды. Тәттіні тек ресми сауда нүктелерінен таңдау керек. Сосын таңбасы жоқ, қолдан жасалғаннан гөрі, зауыт өнімін тұтынған абзал.
Сымбат Нүркенқызы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Ең бірінші мән беретін нәрсе балмұздақтар ерітіліп, қайта мұздатуға қатаң түрде тыйым салынады. Оларды минус 18 градустан жоғары температурада сақтаудың қажеті жоқ. Қаптамада ешқандай дефектердің болмауына мән беру керек. Қаптама үрленіп кетпеу керек. Оған да мән беру керек. Кәсіпкерлерге айтатыным тоңазытқыштағы өнімдерді сақтау барысында термометрді қойып, күнделікті бақылап, осы сақтау температурасын көңілге алып отыру қажет.
Балдай әрі мұздай өнім адам ағзасына да пайдалы. Ішек жолдарын жақсартып, микрофлораны арттырады. Жүрек-қан тамырларының жұмысы мен көздің көру қабілетін реттейді. Әсіресе көңіл-күйі түсіңкі, күйзелісте жүргендерге таптырмайтын ем. Ұйқысыздықтан да арылта алады. АҚШ биомолекулалар химиясы институтының мамандары мұны зерттеп, дәлелдеген. Бірақ, балмұздақ қантсыз жасалмайды. Қант зиян. Зат алмасуды бұзады, кәрілікке ұшыратады. Сосын сыйыр сүтінде кездесетін козоиин ақуызы бар. Ал, ана сүтінде козоиин атымен жоқ. Балмұздаққа сары май да қосады. Оның зияны қандағы холестеринді көтеріп, жүрек талма ауруларына соқтырады. Тізе берсе тізім көп. Демек, десерт емдей де алады, дертті де қылады. Тек шегін білу керек.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Өрден Жарқын