Аутизм дерті асқынып бара жатыр

Қазір елде 12 мыңнан аса балаға аутизм диагнозы қойылған.

Бұл  жағдай мамандарды алаңдатып отыр. Аутизм белгілерін ерте анықтауда ата-ананың орны қандай? Бала тілі неліктен кеш шығады? Алматыда бас қосқан логопед-дефектологтар «Ерте жастағы балаларда когнитивті жүйені қалыптастыру» атты семинарда осы мәселелерді талқылады.

Алматы қаласының тұрғыны Раушан Жарасбаеваның 7 жасар ұлына «сөйлеу дамуының кешігуі» диагнозы қойылған. Көпбалалы ана екі жылдан бері логопед-дефектолог мамандардың көмегіне жүгініп жүр. Балдырған осы жасқа дейін дұрыс сөйлей алмаған. Ойын дұрыс жеткізе білмеген соң ашуланшақ бола бастапты.

Раушан Жарасбаева, қала тұрғыны:

- Басында келген кезде сөздік қорымыз өте аз болды. Тек жаңағы мама, папа деген сөздерді ғана айтты. Сосын көбіне ыммен көрсетеді. Анау-анау деп сондай ымдармен көрсетті. Қазір міне екі жыл болды, баламыз 7-ге келді. Қазір жақсы, шүкір Аллаға. Сөйлеп бастап жатыр, сөйлейді, өзінің ойын айта алады, бұрынғы агрессиясы басылды. Өйткені өзі айта алады не керек екендігін.

Баланың тілі келмейтін әріптерді үйрету логопед-дефектологтар үшін аса қиын емес. Ал «сөйлеу дамуы кешеуілдеген» немесе аутизм белгілері бар жеткіншектермен жұмыс істеу қажырлы еңбекті талап етеді. Статистикада көңіл көншітпей тұр. Аутизм белгілері бар бала саны өткен жылдары 10 мың болса, биыл 12 мыңнан асқан. Мамандар: «Дерттің көбеюуіне көптеген фактор әсер етеді», - дейді.

Майра Мырзағали, логопед-дефектолог:

- Күнделікті біздің тұтынып жатқан тағамдарымыз, ауамыз, экологиямыз, телефон, телевизор одан бөлек ананың 9 ай қалай стресте өмір сүрді ма, немесе біреумен ренжіскені көп болды ма, туғанда асфикция болды ма, қалай туды, қызыл болып туды ма, суы жасыл болды ма? Осылардың бәрі әсер етеді.

Елімізде осы дертпен күресетін мамандардың басын біріктіру үшін қауымдастық құрылып, мамандардың жұмысы жолға қойылуда. Инкюзивті білім беру және арнайы педагогика саласы да дамып келеді. Алайда, мамандардан бөлек ата-ананың жауапкершілігі де маңызды екен. Өйткені баланың кеш дамып келе жатқанын алғаш байқайтын әке-шешесі.

Гүлсара Орынғалиева, ҚР Дефектологтар және логопедтер қауымдастығының мүшесі:

- Диагностикасыз ата-ана балаға қандай көмек беру керектігін білмеуі мүмкін және де қандай маманға апару керектігін білмеуі мүмкін. Тіптен маманға апарған күннің өзінде ата-ана ол баламен дұрыс жұмыс істеп жатыр ма, дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ па? Себебі баланың әрбір күні, әрбір сағаты өте маңызды. Бала секунд сайын өседі. Сол себепті ата-аналарға өтініш, үлкен кеңес, балаларға арналған шағын, жеңіл диагностиканы болсын меңгеріп алса.

Статистика бойынша, әлемде жарты ғасыр бұрын 10 мың баланың біреуінде ғана аутизм болған. Қазір әрбір 35-ші баладан байқалады. Мамандар бүгінде цифрлық аутизм туралы да жиі айтып жүр. Қарапайым тілмен айтсақ бұл – гаджетке тәуелділік. Соның кесірінен жан-жағындағылармен байланысқа түсуден қалады. Логопедтер: «Ата-ана осы жәйтті де қаперде ұстауы тиіс», - дейді.