Әлем чемпиондарын жанкүйерлер ыстық ықыласпен күтіп алды

Қазақ боксшыларының тұманды Альбиондағы тұғырлы жеңісінің ыстық-суғы әлі басылмай тұр.

Ағылшын елінің аспанында көк туды жеті рет көкке көтертіп, әнұранды әуелеткен ұл-қыздарымыз бүгін елге оралды. Оларды ет-жақындарымен бірге жанкүйерлері ыстық ықыласпен күтіп алды. Ағылшын жерінен абыроймен оралған арулар. Алтын қыздарды асыға күткен Алатау жұртшылығы алатаңмен чемпиондарды ерекше ілтипатпен күтіп алды. Гүл құшақтап, ұлттық дәмнен ауыз тиген саңылақтарымыз өз қуаныштарымен бөлісті.

Алуа Балқыбекова, әлем чемпионы:

- Көңіл-күйім өте керемет. Өйткені күшті күтіп алып жатыр. Барлық туған-туысқандарым келген екен, өте қуаныштымын, барлықтарына алғыс. Ең бірінші өзімнің бапкерім де келіп отыр екен. Тараз, Шудан туған-туысқандарымның барлығы келіпті, өте қуаныштымын.

Аида Әбікеева, әлем чемпионы:

- Сербия елінде үш ай бұрын Әлем чемпионаты өтті. Сол жерден бірінші орын алдым. Ливерпульде Әлем чемпионаты болады дегеннен кейін екі дүркін әлем чемпионы болу үшін мақсат қойғанмын. Серік ағамыз сияқты екі дүркін әлем чемпионы боламын армандадым. Міне, Аллаға шүкір әлем чемпионы атандым.

Ал Қайрат Сәтжанов баптайын құрама жігіттерінің алғашқы легі Астанаға келді. Елордалық қос оғлан Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайды да жұрт ерекше ілтипатпен күтіп алды. Санжар әлем шыңын екі рет бағындырса, Айбек Оралбай ақтық айқаста басты қарсыласы өзбекстандық былғары қолғап шеберінен айласын асырған.

Айбек Оралбай, бокстан әлем чемпионы:

- Аса жауапкершілікпен рингке шықтым. Жаттықтырушылар қыздыру жасап жатқанда келіп: «Бұл – сенің ең соңғы жекпе-жегіңдей болсын. Қазір есеп 6:6, сенің жекпе-жегің бәрін шешеді. Командалық бірінші орынды аламыз», -деп, жігер берді. Сол сөз маған қатты әсер етті. Эмоцияға беріліп, тек жеңіске деген құштарлықпен рингке шықтым.

Тұманды альбион төрінде қазақ боксының тарихи беттері парақталды. Ол тарихты бір отбасыдан шыққан қос чемпион Махмұд пен Төрехан Сабырхандар жазды. Олар елге енді бірер сағаттан кейін оралады. Жанкүйердің айызын қандырған ағайынды чемпиондарды Шымкент пен Түркістан халқы да тағатсыздана күтіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, ағылшын жерінде өткен әлем чемпионатында қазақ былғары қолғап шеберлері 7 алтын 1 күміс және қос қоламен байрақты бәсекенің көшін бастаған болатын.

Қазақстан – 7 алтын, 1 күміс, 2 қола
Өзбекстан – 6 алтын, 2 күміс, 3 қола
Үндістан – 2 алтын, 1 күміс, 1 қола
Бразилия – 1 алтын, 3 күміс
Польша – 1 алтын, 2 күміс

Авторы: Әлішер Әли