Жезқазғанда Ұлытау облысының ІІ Азаматтық форумы өтті

Ұлытау облысында былтыр үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен 140-қа жуық әлеуметтік жоба сәтті жүзеге асты.

Бұл бастама биыл да жалғасады. Бұл туралы II аймақтық азаматтық форумда айтылды. Жиынға қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысты. Олар Үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңдарды жетілдіру және қоғамдық бірлестіктер жұмысын дамыту жолдарын талқылады.

«Үкіметтік емес ұйымдардың тұрақтылығы» тақырыбында ұйымдастырылған форумда көтерілген негізгі мәселе  – қоғамдық ұйымдардың жұмысын жүйелеу. Азаматтық сектордың әлеуетін арттырып, қоғамдағы рөлін күшейту. Бұл ретте билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға  облыс әкімінің орынбасары тоқталды.

Зина Ақылбекова, облыс әкімінің орынбасары:

- Енді ғана қалыптасып келе жатқан облысымыздың дамуы мен өркендеуі үшін азаматтық қоғамның күш-жігері, олардың тың көзқарасы мен идеялары қажет. Осы азаматтық форум платформасы ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың қарым-қатынасын күшейтеді.

Форум барысында үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру, олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз  ету жолдары талқыланды.  Әлеуметтік мәселелерді шешуде белсенділік танытқан ұйымдарға марапат табысталды.

Гүлнар Құрбанбаева, Қазақстанның азаматтық альянсы вице-президенті:

- Біріншіден, өңірде әлеуметтік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көлемі  ұлғайды. Бұл – қоғамдық бірлестіктер үшін үлкен қолдау. Соның нәтижесінде өңірдегі бірқатар мәселе шешімін тапты.

Сәулеханым Орынғожина, форумға қатысушы:

- Осы форумдар арқылы біз көп ақпарат аламыз. Жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бірнеше қадам жасау керек қой. Соларды жүзеге асыруға көп көмегі тиіп жатыр.

Бүгінде Ұлытау облысында 270-ке жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. 10-нан астам этномәдени және 46 діни бірлестік жұмыс істейді. Түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрамының 70 пайызы осы азаматтық қоғам өкілдері.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев