Ақтөбеліктер теміржолды кесіп өтуге мәжбүр
Ақтөбе іргесіндегі теміржол бекетінің тұрғындары күн сайын өмірін қатерге тігуге мәжбүр. Себебі әлеуметтік нысандар мен дүкен теміржолдың арғы бетінде орналасқан. «Қызғалдақты» деп аталатын бекетте 200-ден астам адам тұрады. Көпшілік кей күндері аялдамаға жету үшін вагондардың астымен де жүреді. Қауіпті аймақ тұрғындары әкімдіктен жерүсті өткелін салып беруді сұрап отыр.
Тұрғындар қауіпті жермен күн сайын жүреді. Баласын бөбекжайға, науқасты емханаға апаруға асыққандар, күнделікті жұмысқа баратындар шойын жолды кесіп өтуге мәжбүр. Жүк поездары ұзақ тұратын кезде вагондардың астымен жүруден басқа амалы жоқ.
Гүлшара Төлесінова, Қызғалдақты бекетінің тұрғыны:
- Өту қиын бізге жолдан. Халық келе жатыр, міне. Поезд келіп қалады екі жақтан. Жұмысқа барамыз, мында студент балаларым сабаққа барады. Сол қиын маған дейтін. Ауруханаға барамыз мына жерден.
Әлібек Шығыров, Қызғалдақты бекетінің тұрғыны:
- Поезд тұрады мында. Кейде вагондар тұрып қалады, сосын біздер поездың астынан өтеміз бәріміз де. Балалар да. Қысқа мүлдем қиын. Поездар қармен ұрып тастайды ғой, сол кезде мүлдем қиын. Ең болмаса жерүсті жүргіншілер өткелін салып қойса, жақсы болатын еді.
Қызғалдақты бекетінде тұратын балалар мектепке автобуспен қатынайды. Ал ересектер қалаға баратын тасжолға шығу үшін шойын жолдың үстімен жүреді. Себебі бұл аялдамаға жетудің төте жолы. «Әрине, теміржолды айналып өтуге болады, бірақ ол көп уақыт алады», - дейді тұрғындар. Олар жерүсті өткелін салып беруді сұрап, талай рет әкімдікке барған.
Мирас Әжібаев, Астана ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда теміржол үстінен жаяу жүргінші өткелін жүргізуге экономикалық тұрғыдан ол тиімді емес. Өйткені, тұрғындардың саны аз болғандықтан. Және де ол көпірді салуға үлкен қаражат керек болады. Біріншіден, көпірді салуға құжаттама жасалуы керек. Құжаттама сараптамадан өтуі керек. Содан кейін барып ақша бөлінуі керек болады.
Сонымен қатар бекет тұрғындары автобус аялдамасын жақын маңайға орнатуды сұрайды. Ал әкімдік өкілі аялдаманы салуға мемлекеттік конкурс жарияланғанын айтты. Мердігер мекеме анықталған соң тез арада жұмыс басталуы тиіс.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев