СҚО-да сиыр еті тапшы

Қазір кейбір сауда орындары апталап бос тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, ауыл тұрғындары малын жаппай Өзбекстанға өткізіп жатыр. Соның кесірінен жергілікті нарықтағы баға шарықтап кеткен. Бұл туралы жауаптылар не дейді? Мал өсіріп отырған шаруалардың уәжі қандай?

Бескөл ауылының тұрғыны Назымбек Құдабаев азын-аулақ шаруашылық құрып, 110 бас ірі қара ұстаған. Сиырдың сүті мен етін сатып пайда көрді. Ал осыдан 3 жыл бұрын мал санын азайтуға мәжбүр болған. Қазір 23-і ғана қалды. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, жайылым жоқ. Екіншіден, жем-шөп қымбат. 

Назымбек Құдабаев, шаруа:

- Базды салған кезде бізде жайылып көп болатын. Енді қазір егін міне 200 метрдей ғана келіп тұр базға. Өзім сатып әкелдім жуырда. 4-5 айлық бұзаулар ғой енді торпаққа өткен жоқ. 250-270 мыңнан әкелдім. Бұдан екі жыл бұрын бұл торпақтарды 150-ге дейін алатынбыз. Қазір енді қымбаттады. Қазір міне бір айлық бұзауларға да жоқ дегенде 100-150 мың теңге ақша сұрайды. Одан көп болмаса.

Малдың азаюына тағы 2023 жылы болған қуаңшылық пен қытымыр қыс әсер еткен. Қазір нарықта сиыр етінің бағасы шарықтап тұр. Келісі 4 жарым мың теңгеге дейін барады.  

Любовь Зайцева, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Қымбаттап кетті. Сиыр етін айына бір-ақ рет алатын болдық. Оның орнына тауық етін тұтынамыз. Болмаса ірі қараның мойын, бел тұсын қараймын.

Нарықтағы жағдайды кәсіпкерлер де растап отыр. Олардың айтуынша, қазір ауыл тұрғындары қолдағы малын тірідей Өзбекстанға өткізіп жатыр. Сондықтан сиыр еті жылқынікінен де қымбаттап кеткен. 

Жанар Мұсайбекова, кәсіпкер:

- Қазір сиырдың еті қазіргі нарыққа келмейді. Өзбекстанға көктемде алып шыққан. Сондықтан өзімізде болмай жатыр.

Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, облыс бойынша сиыр етінің жылдық сұранысы 10 жарым мың тоннаға тең. Оны қазір мал саны мен өндіріс көлемі толық қамтамасыз етеді.

Дәурен Тоққожынов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Жыл басынан бері өңірде 52 мың тонна ет өндірілді. Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға көп. Оның 19 мың тоннасы сиыр еті. Бұл нарық сұранысын толық жабады.

Өңірде 300 мыңға жуық ірі қара бар. Оның басым бөлігі шаруашылықтардың еншісінде. «Сондықтан нарықтағы жағдайды нарықтың өзі реттейді», - дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков