«Әмеңгер» фильмі үлкен экранға шықты

Отандық кино жаңа драмамен толықты. Бүгіннен бастап еліміздегі барлық Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінде жаңа фильм көрерменге жол тартты.

«Әмеңгер» психологиялық драмасы көне дәстүрді бүгінгі қоғаммен байланыстыра суреттейді. Адамның ішкі трагедиясы, жалғыздық пен ұрпақ үшін күреске толы картинаның режиссері – Мақсат Оспанов.

«Әмеңгер. Ағама аманат» драмасының премьерасы Halyk IMAX Kinopark 16 кинотеатрында өтті. Алғашқы көрсетілімге актерлер, шығармашылық ұжым мен өнер саласының майталмандары қатысты. Фильмдегі басты рөлді актер Елдос Шәйкенов ойнайды. Оның кейіпкері-Жанат бір әулеттің тірегіне айналған азамат. 

Елдос Шәйкенов, актер:

- Мен Жанаттың рөлін сомдаймын. Бұл бір әулеттің ағасы, бір себептерге байланысты тұрмыс құрмай жүр. Ол әзірге өзіне ғана аян. Бірақ киноның соңында себебі ашылады. Бұл жерде тек әмеңгерлік қана қозғалмайды, адамның тағдыры қозғалады. Әр адамның тағдыры, әр кейіпкердің линиясы ашыла білген.

Спорт шебері Архаттың өлімі әлі анықталған жоқ.

Психологиялық драма Жанаттың інісі Архаттың қазасынан кейін шиеленісе түседі. Басты кейіпкер бабалар дәстүрін жаңғыртып, әмеңгерлікке қадам жасайды. Мұндай шешімге інісінің өлімінен басқа тағы бірнеше себеп ықпал етеді. 

Қанат Рамазан, «Әмеңгер» фильмінің сценарий авторы:

- Фильм түсіргеннен кейін көбінесе кассалық түсіміне немесе әулеуетіне, потенциалына назар аударып жатады ғой. Сол тұрғыдан алғанда біз бұл тақырыпты зерттей келе, жастарға да, ересектерге де бірдей қызық болатын контент екеніне көзіміз жетті. Сондықтан осы бағытта түсірдік.

Фильм 18 жастан асқан көрерменге арналған. Екі сағаттық драмада махаббат, парыз бен төзім қатар баяндалады. Дәстүр махаббаттан биік пе? Бұл сұрақтың жауабын картинаны көрген соң таба аласыздар. «Әмеңгер» фильмі бүгіннен бастап Kinopark және Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев