Жамбыл облысында тазалық акциясына 1800 адам қатысты
Жамбыл облысында жыл басынан бері «Таза Бейсенбі» акциясына 1800 адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, «AMANAT» партиясы мен бастауыш партия ұйымының мүшелері және белсенді жастар бар. Олар экологиялық акция аясында 32 тонна қоқыс жиған.
Тазалық шарасы бүгін Байзақ ауданында жалғасты. 100-ден аса табиғат жанашыры «Байзақ ауданына 80 жыл» саябағы мен Сарыкемер және Түймекент ауылдары арасындағы күре жол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Айналаны абаттандырып, 2 тонна қоқыс шығарды.
Құралай Үкібаева, «Бурыл» бастауыш партия ұйымының төрағасы:
- Бұл іс-шаралардың басты мақсаты сананы қалыптастыру. Еліміздің әрбір тұрғыны, әрбір азаматы тазалықты сақтау мәдениетін бойына сіңіріп алу керек. Келешек ұрпаққа да үйретіп, тазалықты бойына сіңіріп қалыптастыру міндетіміз.