Алматы облысында Азаматтық альянс форумы өтті
Қонаев қаласында «Жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуы» атты Алматы облысының Азаматтық форумы өтті.
Шара азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты нығайтуға бағытталды. Форумға облыстың барлық өңірінен 100-ден астам делегат жиналды. Толығырақ тілшіміздің материалында.
Облыс орталығы Қонаев қаласында Азаматтық альянстың ХІІ Республикалық форумы өтті. 20 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатқан шара азаматтық бастамаларды қолдаудың, қоғамның әлеуметтік белсенділігін арттырудың маңызды құралына айналған. Биылғы жиында шешім қабылдау процесіне үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын күшейту, қоғамдық бақылау мен кері байланыс тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Қазбек Дауталиев, Алматы облысы Азаматтық альянсының төрағасы:
- Біздің бұл тақырыпты қоюдағы тағы бір мақсатымыз - шағын, жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға назар аудару. Өкінішке қарай қолданыстағы заңнама ірі үкіметтік емес ұйымдарға ғана жағдай жасап, шағын ауылдық жердегі, аудандық жердегі үкіметтік емес ұйымдар қызметтерін доғаруға тура келіп отыр. Экономика даму үшін шағын бизнестің рөлі қаншалықты маңызды болса, азаматтық қоғам дамуы үшін де шағын жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, қолдауы соншалықты маңызды.
Форумға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің өкілдері, Қазақстанның Азаматтық альянсы мен қоғамдық кеңестердің жетекшілері, өңірдің белсенді азаматтары қатысты. Жиынға еліміздің 20 өңірінен 100-ден аса белсенді азамат қатысты. Панельдік сессияларда жастар мен әйелдердің шешім қабылдау ісіне араласуын арттыру, ауылдағы әлеуметтік бастамаларды дамыту және ашық үкімет қағидаттарын ілгерілету жолдары қаралды.
Алтынбек Идият, қатысушы:
- Бұл жерге барлық Қазақстан аумағындағы үкіметтік емес ұйымдар жемісті жұмыс жасап жатқанмен, барлық облыстың өзіне тән бір ерекше бағаттары бар деп айтсақ болады. Біздің Атырау облысы бойынша биыл ұйымдастырған форумда біз цифрландыру бағыты бойынша өткізілсе, бұл жерде үкіметтік емес ұйымдардың жергілікті басқаруға өзінің араласуы бағыты бойынша форум өткізіп жатыр. Жақсы деңгейде өтіп жатыр деп ойлаймын.
Форум аясында азаматтық қоғам өкілдері жүзеге асырып жатқан табысты жобалар таныстырылды. Шара соңында қоғамдық дамуға үлес қосқан белсенділерге Алғыс хаттар табысталды.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жонкешов