Қазақстан геологиясы цифрлық форматқа көшеді
Қазақстан геологиясы біртіндеп жаңа дәуірге қадам басуда. Пайдалы қазбаларға қатысты миллиондаған дерек сандық жүйеге енгізіліп, жасанды интеллект көмегімен болашағы зор кен орындарын болжау тәжірибесі қолға алынбақ, деп хабарлайды 24kz.
Шығыс Қазақстандағы ғалымдар мен мамандар геологиялық барлауды цифрлық форматқа көшіріп, әлемдік тәжірибені енгізуге ниетті
Бүгінде тау-кен өндірісі біртіндеп цифрлық форматқа көше бастады. Елде жер қойнауындағы пайдалы қазбаларға қатысты 3 млн-нан астам дерек сандық жүйеге енгізіліп, геокарталар жасалуда. Геологиялық барлау жұмыстарына жаңа реформаның қажеттігі Президент Жолдауында да айтылды. Шығысқазақстандық мамандар алдағы уақытта жерасты байлығын зерттеу ісіне жасанды интеллектіні қолдануды жоспарлап отыр. Ғалым Олег Гавриленко: «Компьютердің көмегімен болашағы зор кен орындарын ашуға болады», - дейді. Мұндай тәжірибе бүгінде АҚШ, Канада және Қытай секілді елдерде қолданыла бастады.
Олег Гавриленко, Геология және минералогия ғылымдарының кандидаты:
- Жасанды интеллект әдісі пайдалы қазбалар кен орындарын болжауға өте тиімді. Тау жынысының құрамындағы кеннің сапасын және көлемін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ол жерді игерудің тиімділігін де компьютердің көмегімен білуге болады.
Геологиялық барлау жұмыстарына жаңа тәсілдер қажет. Бұл ретте отандық ғылым мен бизнес өкілдері алдында үлкен міндет тұр. 2026 жылға дейін геологиялық барлау алаңын екі миллион екі жүз мың шаршы шақырымға жеткізу қажет. Себебі елдегі минералдық-шикізат қоры әлі толығымен зерттеліп біткен жоқ. Ресми дерек бойынша Қазақстанда мемлекет меншігіндегі 9,5 мың кен орны тіркелген. Сондықтан геолог мамандарды жаңа технология бойынша оқытуға басымдық берілген. Отандық мамандар қазірдің өзінде георадар, топырақ сканері, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды еркін меңгерген.
Гүлден Сыпайынова, ШҚТУ Жер ғылымдары мектебінің оқытушысы:
- Геологиялық қорларды, тарихи мәліметтерді қималарды, карталарды цифрлау жүзеге асып жатыр. Бұл 2026 жылы ақяталады деп жоспарлануда. Қазіргі кезде сонымен қатар айта кететін болсақ, оптикалық мәтінді тану және жасанды интеллект технология көмегімен ескі карталарды оқыту біздің геологиялық түсірілім жұмыстарына өте көп көмегін тигізетіні белгілі.
Шығыс Қазақстанда мыс пен литий өндірісіне қатысты бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Шетелдік инвесторлармен бірлесіп байыту фабрикасын салу жоспарланып отыр.
Исатай Аңсат, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Бізде қазіргі уақытта 6 кен орындары бар литийге байланысты. Соның екеуінде Қазақстандық компаниялар бастап ізденіс жұмыстарын жасап жатыр. Сол компаниялардың біреуі Еуропаның компаниясымен, екіншісі Қытайдың компаниясымен жұмыстарды бастағысы келіп отыр. Жобамен 450 млн еуродай инвестиция күтілуде.
Өңірде геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға арналған жоспар алдағы 5 жылда жүзеге аспақ. Ал, ел бойынша жалпы құны үш жарым триллион теңгеден асатын 5 ірі инвестициялық жоба құрылады. Геологиялық барлау және металлургия саласында 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин