Өскеменде жылуды жасанды интеллект қадағалайды
Шығыс Қазақстан облысында жылу электр орталықтары мен қазандықтардың жұмысын жасанды интеллект қадағалайды. Өңірдегі жылу нысандарына қысым, температура және отын шығынын онлайн тіркейтін датчиктер мен диспетчерлік жүйелер орнатылып жатыр. Бірсыпырасы қазірдің өзінде «ақылды жүйеге» қосылды. "Бұл апаттың алдын алуға мүмкіндік береді", - дейді мамандар.
Өңірде жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Көпқабатты үйлердің 95 пайызға, ал әлеуметтік нысандар толық дайын. Қазандықтарда жұмыс жалғасқанымен жылуды уақытылы қосуға еш кедергі жоқ, дейді мамандар. Өскемен ЖЭО-да биыл екі қазандық күрделі жөндеуден өтті. Тағы үшеуінде орташа және ағымдағы жөндеу жасалған. Бұл жұмыстарға 17,5 млрд теңге бөлінді.
Жандос Тұраров, Өскемен ЖЭО Директорының орынбасары:
- Іске асырылған нөмір бірінші ашық тарату қондырғысын реконструкциялау - 2021-2025 жж аралығында іске асырылған бу құбырларын ауыстыру жобасы. Мердігер ұйымдар тәулік бойы жұмыс істеуде. Станция мамандары барлық жұмыстарды бақылауда ұстап, жылыту маусымын уақытында бастауға дайындалып жатыр. Жылыту нысандарының жұмысын облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы бақылап отыр. Өңірдегі барлық ЖЭО мен сегіз қазандық «ақылды жүйеге» қосылған. Қалғандары жақында қамтылады.
Алдағы жылыту маусымынан бастап облыстағы ЖЭО мен қазандықтардың жұмысын жасанды интеллект бақылайды. Барлығы 25 жылыту нысаны «ақылды» жүйеге қосылады. Датчиктер тәулік бойы қысым, температура, энергия шығыны мен отын қорына қатысты мәліметтерді онлайн беріп отырады.
Дмитрий Левитанус, Бағдарламаны әзірлеуші компанияның директоры:
- Жүйенің бірнеше режимі бар. Біріншісі – төтенше жағдай режимі. Егер температура күрт төмендесе, бағдарлама автоматты түрде хабар береді. Әрі қарай дереу шара қолдану басталады.
Нұрлан Рамазанов, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Екі қазандықтағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Үшіншісінде қысымды тексеру сынағы өтті. Анықталған олқылықтар түзетіліп жатыр. Алтыншы қазандықта дәнекерлеу жұмыстары бірнеше күннен кейін аяқталады.
Жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу өңірдің коммуналдық жүйесіне тың серпін әкелді, дейді мамандар. Ең бастысы - жаңа технологиялар тұрғындардың жылумен тұрақты түрде қамтамасыз етілетініне кепіл береді.
Руслан Нұрланұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов