Қарттар кітап оқуға шақырады
Өскеменде кітап оқитын қарттар көп. Кітапханашылардың айтуынша, тұрақты оқырмандардың тең жартысы – 60-тан асқан жандар. Олардың арасында шығармашылықпен айналысып, ізденісте жүргендер де бар. Солардың бірі – 84 жасқа аяқ басқан Шәуел Шұғанқызы. Ақ жаулықты ана кітап оқуды рухани азық қана емес, жадыны жаттықтырып, сананы сергек ұстаудың тиімді тәсілі деп біледі, деп хабарлайды 24KZ.
Шәуел Шұғанқызы – 84 жасқа таяп қалса да, өлең жазып, кітап шығарып жүрген өлкедегі қазыналы қарттардың бірі. Кимешек тартқан кейуана қасына келінін ертіп кітапхананы көп жағалайды. Бүгін келгендерді өзінің өлеңдер және естеліктер жинағымен таныстырды. Суырып салма ақындығы да бар Шәуел ана жастайынан кітап оқуға әуес болыпты. «Сексеннің сеңгіріне шықсам да, есте сақтау қабілетімнің жақсы болуы сол кітапқұмар қасиетімнің арқасы», – дейді.
Шәуел Шұғанқызы, зейнеткер:
– Абай атамыздың өлеңдер кітабын көп оқыдым. Ұзақ жасауға септігін тигізеді. Телефон қарамай, оқушылар кітапқа қараса, ғұмыры ұзақ болады. Қабілет жақсарады, көп нәрсені ұмытпайсың. Кітаптан оқыған ұмытылмайды. Ал мына көргенің ұмытылып қалады.
Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың Шәуел әжей сияқты оқырманы көп. Олар тек әдебиеттен сусындап қана қайтпай, оқыған-тоқығандарын өзара талқыға салады.
Нұрғиза Таңарықова, оқырмандар клубының жетекшісі:
– Осы кеше ғана клубтағы қарттармен кездесіп, атақты суретшілердің еңбегі жайлы ой бөлістік. Жасым 76-да болса да осы жерден үлкен күш-қуат алып қайтамын. Оқыған шығармадан өзіме керегін жазып алып, отырыстарда соны мысалға келтіріп айтып жүремін.
«Қарт оқырмандардың талғамы биік», – дейді кітапханашылар. Олар көбінесе жастық шағындағы ақын-жазушылардың туындыларын жиі сұрайды екен.
Таңнұр Башай, кітапханашы:
– Атап айтар болсақ, «Соңғы көш», «Абай жолы», «Махаббат қызық мол жылдарды» оқитын егде жастағы кісілер бар. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» ол кісілердің жас уақытында кигіз кітапқа айналған кітап, біреу бір бетін оқып, ары қарай бүкіл сынып болып оқыған.
Кітап құмар қариялар осылайша, гаджеттен бас алмайтын бүгінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді. Жалпы мамандардың айтуынша, кітапханаға айына 7 мың оқырман бас сұқса, соның 40-50 пайызы – 60-70 жастан асқан қарттар.
Авторы: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов