Шымкентте алғаш рет әйел адам автобус жүргізушісі атанды

Шымкентте алғаш рет әйел адам автобус жүргізушісі атанды. Бұған дейін ірі мегаполисте қоғамдық көліктерді тек қана ер адамдар тізгіндейтін.

Көпбалалы ана Жанар Омарова қазір олардың арасындағы жалғыз әйел. Ол осы мамандыққа қалай келді?

Жанар Омарованың таңы кофеден емес, медициналық тексерістен басталады. Қан қысымы, ішімдікке тест – жұмыс алдында бәрі қатаң тәртіппен қаралады. Автобус жүргізушілері осыдан кейін ғана рөльге отырады. Ол жүргізуші болуды бала кезінен армандады. 18 жасында жүргізуші куәлігін алған Жанар Омарова ең алдымен кондуктор болып істеді. Кейін троллейбусқа мінді. Ал қазір автобус тізгіндейді.

Жанар Омарова, жүргізуші:

- Көбісі таң қалады. «Жарайсың», «Сәттілік» дейді. Негізінен өмірдің бар жақсылығын тілеп кетеді. Жақсы-жақсы ниеттерін білдіріп жатады. Мен де жақсы ниетпен апарып тастаймын.

«Бастапқыда жолаушылар таң қалып, суретке түсіріп алатын», - дейді Жанар. Өйткені, ол Шымкенттегі автобус жүргізетін алғашқы, әзірге жалғыз әйел.

Жәнібек Тәшімбетов, жүргізуші:

- Бұған дейін әйел жүргізуші кездеспеді. Шымкентте енді әйел кісі жұмыс істеп жатыр. Бірге істеп жатқанымызға 3 жыл болды. Енді көріп тұрмыз. Бірге жұмыс істеп жатқанымызға өте қуаныштымыз.

Жанар жұмыстан кейін үйіне асығады. Ол 4 баланың анасы. Әріптестері оны мақтан тұтады. Ал, отбасы қашанда қолдау көрсетеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов