Ауыл шаруашылығы саласына блокчейн технологиясы енгізіледі

 Ауыл шаруашылығы саласына блокчейн технологиясы енгізіліп, пилоттық жоба алдымен Қостанай облысында қолға алынбақ, деп хабарлайды 24kz.

Сонымен қатар бірнеше жаңа цифрлық бастамаларды қолға алу жоспарланған. Олар агросектордағы деректерді цифрлық форматқа көшіру және мемлекеттік базаларды интеграциялауға қатысты жобалар.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Қазір ауыл шаруашылығы саласында үш ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Алғашқысы ауыл шаруашылығын субсидиялауға, екіншісі ветеринариялық және фитосанитариялық құжаттарды беруге арналған. Ал соңғысы Ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау порталы.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, деректер базаларына жүгіну негізінде, ветеринардың қатысуынсыз, малды өткізуге арналған анықтамаларды беру. Бұл мемлекеттік қызметті алу уақытын және бұзушылықтар санын едәуір қысқартады. Өсімдік шаруашылығында да қадағалану жүйесі құрылып жатыр, ол өнімділік және егіс құрылымы жөніндегі деректерді нақты жер учаскелерімен байланыстырады.

Пилоттық жоба келесі жылы Ақмола облысында енгізіледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерінің цифрлық картасы әзірленіп жатыр. Оған жер кадастрының деректері, геоботаникалық және агрохимиялық зерттеулердің нәтижелері және өзге де қабаттар енгізілуі қажет. Ол үшін ғарыштан бақылау технологиялары қолданылады.

Анель Ислямова, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ Кеңістік деректерді талдау департаментінің директоры:

- Ауыл шаруашылығына келсек, спектрлік индекстерді талдаймыз. Осылайша, егістіктердің жағдайын, өсу динамикасын анықтауға болады. Мәселен, картада алқап жасыл түсті болса, егістік жайқалып тұр деген сөз, ал сары түспен белгіленген жерлердегі дақылдардың дамуы тежелген. Қызыл түс топырақтың құнары кетіп, өскіндердің қурап қалғанын білдіреді.

Былтыр осы суреттердің көмегімен 1 млн гектардан аса қараусыз егістік пен тоғыз жүз мың гектардан астам ішінара пайдаланылмай жатқан алқап анықталған. Нәтижесінде 400 мың учаскеден тұратын база жасақталды. Сонымен қатар жер ресурстарының мақсатты пайдаланылуын қадағалайтын «JerInSpectr» жүйесі жұмыс істеп тұр. Оның базасында 117 млн гектар жайылым жайлы деректер сақталған. Сонымен қатар агросалада блокчейн технологиясын енгізу жолдары қарастырылып жатыр.

Қаныш Төлеушин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрінің міндетін атқарушы:

- Нақты тауарларды цифрлық токендерге айналдыру жоспарлануда. Яғни, токенизация. Астық токенизациясы бұл нақты астықты блокчейндегі цифрлық токенге айналдыру. Технология астықты есеп айырысу және сауда, несиеге алу, тәуекелдерді сақтандыруға пайдалануға болатын толыққанды қаржы құралына айналдырады. Астықты токенизациялау бойынша пилоттық жобаны Қостанай облысында сынақтан өткізу үшін іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен мемлекеттік қызметтер автоматтандырылмақ. Арнайы чат-боттар шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпаратты ұсынады. Мәселен, фермер цифрлық көмекшіден субсидия алу шарттары, құжат тапсыру мерзімін біле алады.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Әли Тұрғанбек