Астанада кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша семинар өтті

Астанада кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша оқыту семинары өтті, деп хабарлайды 24kz.

Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан аса судья, прокурор және құқық қорғау органдарының қызметкері қатысты. Мамандар кірістерді жылыстату істерін тергеу, саралау және сотта қарау сынды бірқатар маңызды түйткілдерді талқылады. Сарапшылар аталған мәселеде бірізді құқықтық ұстаным қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Жеңіс Елемесов, ҚМА төрағасының орынбасары:

- Бүгінгі семинар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында іске асырылып отыр. Шара барысында бастапқы қылмыс болмаған жағдайда кірістерді жылыстату істерін тергеу, «кәсіби жылыстатушылардың» қызметі, криптовалюта қолданылған схемалар, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістер мен балама мүлікті тәркілеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінгі бастама қатысушыларға білімдері мен тәжірибе алмасуға, қаржылық қылмыстарды тергеу тиімділігін күшейтуге және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік беретінін көрсетті.