Ақмола облысында 700 шақырым жол жөнделді
Биыл Ақмола облысында 900 шақырым жол жөндеу жоспарланса, соның 700-ы шақырымы тапсырылды.
Оның ішінде аудан және ауылдардағы тозығы жеткен жолдар бар. Туристер көп қатынайтын курортты аймақтардың жолдары да жаңғыртылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 115 млрд теңге бөлінді.
Көкшетау Зеренді бағытындағы жолды жөндеу көктемде басталды. Алғаш рет мұнда үш жолақты жол салынып жатыр. Оған ел қазынасынан 8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде облыс орталығы мен курортты аймақтың арасындағы 47 шақырым жол толығымен жаңартылады.
Мақсат Байбөлеков, жобаның бас инженері:
- Бұл жобада жолды жөндеп қана қоймай, оны 11 метрге кеңейту көзделген. Қазір негізгі жұмыстар 80 пайызға аяқталды. Жылдың соңында толығымен қолданысқа береміз. Курортты аймақ болғандықтан көлік көп қатынайды. Сондықтан жұмыстарды сапалы орындауға тырысып жатырмыз.
Жыл санап аймақта жол жөндеу жұмыстарының ауқымы кеңейіп келеді. Мемлекеттен көрсетілетін қолдау мен қаржы көлемі артқан. Биыл өңірдегі жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 115 млрд теңге бөлінді.
Владимир Кулаков, облыстық Жолаушылар тасымалы және автожолдар басқармасының басшысы:
- Оның ішінде 50 млрд теңге республикалық маңызы бар жолдар және 65 млрд теңге жергілікті маңызы бар жолдарға бөлінді. Үлкен жобалар облыс бойынша асырылып жатыр. Үлкен жобалардың ішінде Көкшетау-Зеренді, Жезқазған-Петропавл, Макинск-Ақсу-Торғай, Астана-Қорғалжын тас жолдары. Жергілікті маңызы бар жолдарды алсақ күрделі жөндеу Щучинск-Степня- Уәлиханов, Бабатай-Волгодоновка-Бұлақсай, орташа жөндеу Жақсы-Державинск.
Биыл өңірде 53 елді мекеннің жолы қалыпқа келтіріліп жатыр. Әсіресе, елорда маңындағы ауылдардың үлесі басым. Айта кетейік, биылға жоспарланған 900 шақырымның қазір 700 шақырымына асфальт төселді. Қалған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко