Түркістанда 500-ден астам педагог инклюзивті білім береді

Түркістан облысындағы мектептерде 500-ден астам арнайы педагог инклюзивті білім береді. Балабақшаларда 121 маман бар.

Әсіресе, «Келешек мектептерінде» инклюзивті білім беру үшін қолайлы жағдай жасалауда. Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 22 мыңнан астам бала бар. 

Нұрислам Әмірболат 7 сыныпта оқиды. Ерекше білім беруді қажет еткенімен мектепке өзі барып келеді. Арнайы педагог ассисент күтіп алып, сыныбына апарады. Егер көңіл күйі жақсы болса сабаққа қатысады. Ал мазасы болмаса дефектологтың кабинетінде ермексазбен, құммен ойнап, назарын ойынға аударады.

Фариза Дауленбаева,  дефектолог:

- Осы жерде балалар өзін еркін сезінеді. Ең жақсы көретіні құм мен топырақта ойнау. Одан кейін басылған соң,  «кешегіден жақсымын» деп айтады. «Бүгін кешегіден нашармын» деп, кәдімгідей эмоциясын білдіріп, жеткізеді. Осылайша әрі қарай сабақты жүргіземіз.

«Келешек мектепте» дамуында сәл ерекшелігі  бар балаларды оқытуға қолайлы жағдай жасалған. Жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер орнатылған. Оқушылардың жеке қабілетін дамытуға, жан-жақты қолдау көрсететін сенсорлық, психолог, дефектолог және логопед кабинеті жұмыс істейді.

Мөлдір Әбдіраманова,  қала тұрғыны:

- Осы мектепте 5 сыныпта қызым оқиды. Есімі Кенжехан Айдана. Бізде ауылда логопедке мүмкіншілік болмады. Сөздік қоры аз еді. Ж-ға, С-ға тілі келмейтін. Осы мектепке келгелі анық сөйлеп, тілі жақсы шықты. Қызығып өзі келіп жүр. Логопед апайға барамын деп айтады. Осындай «Келешек мектепте» оқып жатқанымыға қуанамыз.

Мектепте инклюзивті білім беруді қажет ететін 14 оқушы бар. Олар өз қатарластарымен бірге партада отырып,  бірге білім мен тәрбие алып жатыр.

Нұргүл Лақабаева, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Бұрынғы кезде ата-аналар намыстанатын, мекептке балалсын бергісі келмейтін, қоғаммен араластырғысы келмейтін. Ал қазіргі таңда ортамен араласады. Орта оларға мейірімділік танытады. Орта өздеріне қосады. Олардың баласы дос тауып жатыр. Көпшілікпен араласып жатыр. Ешкім оларға жатырқап қарамайды. Сол себепті де ата-аналар қуанып, осындай балаларын мектепке беріп жатыр.

Ата -ана үшін ең бастысы - баласының қауіпсіз, жайлы ортада білім алуы. «Келешек мектебі» - әр оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік беретін ауқымды бастама. Мұнда барлық балаларға тең мүмкіндік қарастырылған-дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов