Қызылордада «Қазақстан халқына» қорының жұмысы қорытындыланды

«Қазақстан халқына» қоры үш жарым жылда 224 миллиард теңгенің қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асырды.

Бұл туралы Қызылордада өткен төртінші Ұлттық қайырымдылық конференцияда айтылды. Басқосуда әр аймақтан келген делегация мүшелері мен қамқорлыққа бөленген жандар қор жұмысы туралы ой-пікірін ортаға салды.

«Жүйелі қайырымдылық: Тұрақтылық, әріптестік, мұра». Конференцияға арқау болған тақырып осы. Басқосуда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақстан халқына» қорының Сыр өңірінде жүзеге асырған бастамаларына тоқталды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен денсаулық сақтау саласына 4 млрд 800 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаражатқа облыстық балалар ауруханасында, Жаңақорған, Арал аудандарында қамқорлық орталықтары ашылды. 

Бұдан бөлек жылжымалы медициналық кешен сатып алуға, мектептер мен спорт нысандарын жабдықтауға қаржы бөлінген. Қазір облыс орталығында мүгедектігі бар жандарға арналған дене шынықтыру, сауықтыру кешені қор қаржысы есебінен салынып жатыр.

Бауыржан Оразғалиев, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының орталық басшысы

- 3 жарым жылда біз барлық өңірлерге, яғни 17 облыс пен 3 қалаға 224 млрд теңге көлемінде қаржы бөлдік. Оның ішінде 3,5 жылда біз Қызылорда облысына 10 миллиард теңгеден астам сомаға қайырымдылық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырдық. 

Конференцияда балалар мен жастарды инновациялық протез-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдарды оңалту мәселелері де талқыланды.

Ержігіт Мұхамедия, протез шебері:

- 140 адамға берілді. Оның ішінде балалар да бар, қол протезі бар, бионикалық протездер бар, электронды протездер бар, соның барлығын есептегенде, сондай мөлшерде болады. 

Секциялық отырыстарда қордың серіктестері мен қайырымдылық шараларға қатысушылар өз тәжірибелерін бөлісті.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин