Өскеменде трамвайлар жаңартылып жатыр

Өскеменде трамвайлар жаңартылып жатыр.

Қаладағы депоға үш заманауи вагон қосылды, келер жылы тағы бесеуін сатып алу жоспарланған. Трамвай паркі бюджеттік қаржыландыруға үміт артып отыр. Себебі өзін өзі қамтуға техника жетіспейді. Рельсті көлік күн сайын 10 мыңнан аса адамды тасымалдайды.

Өскеменді трамвайларсыз елестету қиын. Қоғамдық көлік қатынасының бұл түрі шаһардың өзіндік көрнекілігіне айналды. Олар туристердің де қызығушылығын тудырады.

Бекеш Қондыбаева, трамвай жүргізушісі:

- Шын мәнінде, бұл ең таза көлік түрі. Трамвайлар қалаға ерекше көрік береді. Шаһардың тарихи нышаны ретінде жүргені дұрыс деп ойлаймын. 

Трамвайлар автобустарға түсетін жүктемені де азайтады. Қазір жолаушылардың 20 пайызы, яғни 10 мыңнан астам өскемендік трамвайды қалайды екен.

БЛИЦ

- Осындай трамвайлар көбірек шықса ғой! Өте жақсы! Таза, ыңғайлы.

- Заманауи трамвайлар, әрине керек. Жаңа үш трамвай келді -қарасаң көз қуанады! Мінгенге де ыңғайлы. Ал мына трамвайлар ескірді ғой. Оларды сан рет жөндеген шығар. 

Қазір қала ішімен 11 трамвай қатынайды. Оның 7-еуі жаңа үлгідегі вагондар. Бірақ трамвай паркі өзін-өзі қаржыландыруы үшін күніне кемінде 18 вагон жолға шығуы қажет. Сол себепті депо әзірге субсидиямен жұмыс істеп отыр. Қазір тағы вагондар сатып алу бойынша ұсыныстар дайындалып жатыр.

Денис Федченко, трамвай паркінің директоры:

- Қаланың күнделікті қажеттілігі - 18 вагон. Біз қазір экономикалық негіздемесін дайындап жатырмыз. Келесі жылы тағы 5 вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз. 

Биыл трамвай паркіне 540 миллион теңге көлемінде бюджеттік субсидия бөлінді. 200-ге жуық адам жұмыс істейтін кәсіпорын үшін бұл аса қомақты емес. 

Өскемен трамвай депосының жұмысын жаңғыртуды көлік министрі де қолдап отыр. Өңірлерде трамвай парктерін республикалық деңгейде қаржыландыру мәселесі қарастырылуы мүмкін. Өскемен, Павлодар мен Теміртауда бұл қоғамдық көлік түрі әлі де жергілікті әкімдіктердің қолдауына тәуелді. Дегенмен трамвайлардан толық бас тартуға ерте. Мысалы, Алматыда трамвай қозғалысы тоқтатылғанына он жыл өткенімен оны қайта жандандыру мәселесі қарастырылып жатыр. 

Руслан Нұрланұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин