Президент: Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру

Заман күрделі болса да, еліміздің бағыты дұрыс. Қазақстан қиындықтарды еңсеріп, тұрақты дамып келеді. Ұлттық кеңес отырысында Президент осылай деді.

Соңғы 5 жылда ішкі жалпы өнім 181 млрд-тан 291 млрд долларға артты. Биылғы 8 айда экономика 6,5% өсім көрсетті. Елдің халықаралық резерві мен Ұлттық қор активтері 116 млрд долларға жетті. Оның ішінде халықаралық резерв рекордтық 54,6 млрд доллар болды. Standard and Poor’s агенттігі Қазақстанның даму болжамын «тұрақтыдан» «жағымдыға» өзгертті. Президенттің айтуынша, бұл – елге деген сенімнің белгісі, бірақ тоқмейілсуге себеп емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Дәл сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес. Елімізді басқаша өркендете алмаймыз. Бәріміздің мақсат-мүддеміз бір. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін.