Архитекторлар мен құрылысшыларға цифрлық білім беру бағдарламалары енгізілуде

Елімізде алдағы уақытта цифрлық білімі бар архитекторлар, құрылысшылар мен дизайнерлер даярланады, деп хабарлайды 24kz.

Білім беру бағдарламаларына BIM-моделдеу технологиясы және тұрақты құрылыс стандарттары енгізілуде. Осы бағыттағы өзекті тақырыптар Алматыда өтіп жатқан форумда талқыланды.

Қазіргі кезде жасанды интеллект құралдарын архитектурада кеңінен қолдану бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, BIM-модельдеу кезінде ғимарат әуелі егжей-тегжейлі цифрлық нұсқада жасалады. Онда іргетасынан бастап инженерлік жүйелеріне дейін қарастырылады. Ал «цифрлық егіздер» ғимараттың сапасын, қауіпсіздігін және құрылыс мерзімін қадағалауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі архитекторлар мен инженерлерден жаңа дағдыларды талап етеді.

Бақтияр Сәбденәлиев, халықаралық білім корпорациясының ректоры:

- Бүгін осы академия секілді ғимараттарды зерделеп, басқа да жаңа технологиялармен зерттеп, олардың цифрлық, былайша айтқанда, цифрлық көшірмесін жасайтын боламыз. Біз осы форумның аясында 4 қытайлық жоғарғы оқу орны мен келісімшарқатқа отырдық.

Алматыда өтіп жатқан BRAUIC форумы – әлемнің ірі сәулет және құрылыс жоғары оқу орындарын тоғыстырған алаң. «Бір белдеу – бір жол» бастамасына мүше елдердің өкілдері тәжірибе алмасып, жаңа дәуірдегі маман даярлау жайын талқылауда. Пекин азаматтық құрылыс және архитектура университетінің президенті жаңа жобалармен бірге ескі ғимараттарды да сақтап, қалпына келтірудің маңызын атап өтті.

Чжан Даюй, Пекин азаматтық құрылыс және архитектура университетінің президенті:

- «Бір белдеу – бір жол» елдерінің экономикасы қарқынды дамып келеді, соған сәйкес сәулетке деген талап та артып отыр. Біз жаңашылдық енгізуіміз керек, бірақ мәдени мұраны да ұмытпауымыз қажет. Қазір біз цифрлық технологияны дәстүрлі қолөнермен ұштастырып, ғимараттарды қайта жаңғыртуға арналған «цифрлық егіздер» платформасын құрып жатырмыз.

Форум нәтижесінде қазақстандық студенттердің білім алу мүмкіндіктері кеңейеді. Қытай тарапы гранттар бөліп, бірлескен бағдарламалар іске асырылмақ. Бұл елімізде ғана емес, шет елде де сұранысқа ие мамандарды даярлауға жол ашады.

Авторлары: Алуа Ералықызы, Индира Унгарбаева, Валентин Лобанов