Тілге құрмет — елге құрмет

Ақтау тұрғыны Кирилл Демченко мемлекеттік тіл мен туған елге деген құрмет егіз ұғым дейді.

Ұлты орыс болса да жастайынан қазақ тілінде еркін сөйлейді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналған шараларға белсене қатысады. Кирилл полипропилен тауарларды шығаратын өндіріс орнын басқарады. Отандық зауытта жүзден астам жұмысшы еңбек етеді.

Кирилл Демченконың мамандығы инженер. Оның қазақ тіліне деген құрметі бала жасынан басталған. Мектепте, кейін жоғары оқу орнында оқыған кезде білім сынағын мемлекеттік тілде тапсырған. Кириллдің айтуынша, оның жанұясында қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетіне айрықша құрмет қалыптасқан.

Кирилл Демченко, зауыт директоры: 

- Әйелім қазақ. Қазақ тілін үйретуіміз керек балаларымызға, себебі біздер қазақ халқының жерінде туып, өсіп жатырмыз. Орыс болсын, басқа ұлт болсын адамдармен қарым-қатынастарды көбейту үшін қазақ тілін міндетті түрде білуіміз керек. Жұмысшылар менімен орысша сөйлеп бастайды. Мен қазақ тілінде сөйлегесін таң қалып, қазақ тілінде сөйлесіп жатырмыз.

Кирилл жетекшілік ететін кәсіпорын полипропилен қап пен ыстық температураға төзімді биг-бэктер шығарады.   Дайын өнімдер химия, жол құрылысы және тамақ өнеркәсібінде жүк тасымалдау үшін қолданылады. Зауыт жұмысшыларының барлығы  жергілікті тұрғын.

Мейрамбек Ордаев, жұмысшы:

- Бір ауысымның өзінде бір рулонды шығаруға талпынамыз. 1 рулонның өзі мысалы 1 мың 100 метр. Шыны керек, станок дейтін біздегі жаңадан. Ол кезде оқып келген балалар да бізде. Солардан көріп, үйреніп қазіргі таңда біліктілігімізді арттыру. Сол себептен де қазір қызметіміз жоғарылады.

Қазір өндіріс орнында жүзден аастам адам жұмыс істейді. Бірнеше этностың өкілі еңбек ететін мекемеде делегация қабылдау, күнделікті құжат алмасу процесі мемлекеттік тілде жүреді.   Осылайша ынтымағы жарасқан ұжым өңір экономикасына ғана емес, қазақ тілінің өркендеуіне де елеулі үлес қосып отыр.  

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев