Қарағандыда кәсіподақ мүшелері 2 гектар жерді тазартты

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясы Қарағанды филиалының мүшелері 2 гектар аумақты қоқыстан тазартты. Тазалық жұмыстарына 80-ге жуық кәсіподақ мүшесі атсалысып, Ұлттық еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар орталығының аумағын жинады.

Бұл орталыққа еліміздің түкпір-түкпірінен шахтерлер мен металлургтер келіп, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар медициналық көмек алады. Ауқымды шара Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына арналды. Акцияны өңірдегі 138 мың кәсіподақ мүшесі қолдап, өздері тұратын қала мен аудандарда сенбіліктер өткізді.

Ертай Отаров, Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығының директоры:

- Экологиялық акция елімізді, жерімізді тазарту мақсатында атқарылады. Мұндай іс-шараларға белсенді түрде қатысып тұруымыз керек. Ал біздің еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар орталығына келетін болсақ, республика деңгейінде өндірісте жүрген жұмысшылар өздерінің денсаулығын қарау, диагностика жасату, емдеу үшін бізге келіп емделеді. Бұл республика деңгейінде қызмет ететін жалғыз мекеме.