ШҚО-да атом саласына жас мамандарды даярлау күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысында атом өнеркәсібіне білікті маман даярлау күшейтілді, деп хабарлайды 24kz.

Жастар Өскеменде реакторларға арналған жылу бөлгіш құрылғыларды шығаратын Үлбі металлургия зауытында кәсіби біліктілігін арттырып жатыр. Күрделі технологиялық процестерге жас мамандарды тартуға басымдық берілген.

Дидар Нұрмұханбетовтың қолында атомның орасан зор қуаты бар. Жас маман атом реакторларының энергия беретін жылу бөлгішін жинақтайды. Ол Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында болашақтың ең сұранысқа ие мамандықтарының бірін меңгерді. Ол Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысы мен оны іске қосуға атсалысуға дайын.

Дидар Нұрмұханбетов, Үлбі металлургия зауытының аппаратшысы:

- Бұл сала қазіргі таңда өте маңызды деп есептеймін. Себебі атом саласы, ол әр мемлекетке керек. Қазақстанның энергетикасын дамытуға өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Осы мамандықты естіген кезде өзім қызығушылық танытып, осы жұмысқа орналасқым келді. Бұл жерде жұмыс өте қатаң тәртіпті талап етеді.

Дидар кәсіпорында дәнекерлеуші әрі күрделі технологиялық жабдықтың жұмысын бақылайтын аппаратшы маман қызметін меңгеріп, білікті металлургке айналды. Қазір тәжірибелі мамандар жастарға жол беріп, білген-түйгенін үйретуде. Осылайша, жас мамандардың қатары артып келеді.

Александр Ревицкий, Жылу бөлгіш жинақтар өндірісінің бастығы:

- Зауытқа жұмысқа орналасқандардың 70%-і жергілікті колледждер мен университеттердің түлектері. Қазір мұндағы аппаратшылардың орта жасы шамамен 29-30-да. Жастарды тартуға, олардың біліктілігін арттыруға көңіл бөліп жатырмыз.

Елдегі алғашқы атом электр станциясына 2 мыңнан аса маман қажет. Оның кемінде 400-інің арнайы білімі мен тәжірибесі болуы керек. Ал біліктілік осындай өндіріс ошағында артады. Мысалы Дидар Нұрмұханбетов мамандығы бойынша ең жоғарғы санатты алуға дайындалып жүр. Өндірістік жүктемеге қарамастан олар спортта да белсенді. Дидар әріптесі Юлия Антоновамен республикалық марафонға дайындық үстінде.

Юлия Антонова, Үлбі металлургия зауыты қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

- Зауытта жалпы спорттың 10 түрінен спартакиада өтеді. Әр қызметкер өзі қалаған бағытын таңдай алады. Біз жүгіруді қолайлы деп санадық. Қазір кезекті марафонға дайындалып жүрміз.

Атом өнеркәсібіне қиындыққа мойымайтын мамандар қажет. Егер атом электр станциясы салынса, Дидар секілді жастардың өндірісті алға сүйрейтіні анық.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин