Алматыда III Халықаралық «Білім берудегі шахмат» конференциясы басталды

Алматыдағы Satbayev University-де III Халықаралық «Білім берудегі шахмат» конференциясы басталды. Қазақстан, Түркия, Армения, ЕуроОдақ елдері және АҚШ-тан келген жетекші сарапшылар екі күн бойы білім беру саласындағы шахматты дамыту мәселелерін талқылайды.

Шараны FIDE-нің қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырып отыр.

Шахматтың баланың ойлау жүйесіне игі әсер ететіні әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан зияткерлік ойынға бала жастан баулу маңызды. 2023 жылы елімізде Үкіметтің қолдауымен «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы енгізілді. Пилоттық жоба алғашында 42 мектепті қамтыса, биыл 1500 білім мекемесінде шахмат сабақтары өтуде.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан Шахмат Федерациясының атқарушы директоры:

- Барлық 42 мектепте мұғалімдерді де дайындадық. Бірте-бірте үйреттік. Содан кейін басқа мектептерде қызығушылық арта түсті. Былтыр 600-ге жуық мектеп болды. Биыл 1500 мектепте шахматты бірінші сыныптан бастап міндетті пән ретінде өткізіп жатыр.

Конференцияда сарапшылар шахматты білім беру жүйесіне интеграциялау және цифрлық платформаларды пайдалану бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Джерри Нэш, Fide білім берудегі Шахмат комиссиясының төрағасы:

- Ең бастысы бағдарлама тек білім беру саласында ғана емес, экономикалық көрсеткіштерге де оң әсерін тигізеді. Себебі өсіп келе жатқан ұрпақ шахмат арқылы меңгерген дағдыларын болашақта экономиканың түрлі бағыттарында тиімді қолдана алады.

Қазақстанда шахматты білім беру жүйесіне енгізу қарқынды дамып келеді. Еліміз өзінің бірегей тәжірибесін экспорттап, білімімен бөлісуде.

Дәрмен Садуақасов, Қазақстан Шахмат Федерациясының бірінші вице-президенті:

- Біз Азияда шахматты дамыту бағдарламасын бастадық. Биыл бағдарламаны 7 елде жүзеге асырып жатырмыз. Жақында ғана біз Непалда, Аманда болдық. Біздің мамандар ұлттық құрамаларды, шахмат мектептерін немесе клубтарды оқыту жұмыстарымен айналысуда.

Алдағы уақытта бұл бастаманы Пәкістанда, Иорданияда және басқа да елдерде жалғастыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев