Маңғыстаулық фермер Франциядағы әлем чемпионатында жеңіске жетті
Маңғыстау тұрғыны Францияда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды 24kz.
Александра Григолова асылтұқымды ешкі өсірумен айналысады. Фермер сүт өнімдерінен 12 түрлі ірімшік дайындайды. Дәстүрлі жаһандық сайыста көгілдір зеңді ірімшік қазылар алқасын таңдай қақтырған. Іскер әйел енді еуропалық талаптарға сәйкес келетін сүт өнімдерін өндіріп, Қазақстан нарығына шығаруға ниетте.
Ерлі-зайыпты шаруалар альпі, нубий және ломанча тұқымдас ешкілерді шетелден әкелген. «Сауын түлік жайылымға шығарылмайды. Себебі, жусан жеген малдың сүті ірімшіктің жаңа түрлерін жасауға келмейді» - дейді фермер.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазір фермада 80-нен астам ешкі бағылады. Сауыл төлдер тәулігіне екі рет сауылады. Ешкі жейтін шөп Ақтөбе өңірінен және Ақтаудағы ботаникалық бақтан жеткізіледі. Кәсіпкердің айтуынша, құнарлы өсімдік ешкі сүтіне ерекше дәм береді.
Ешкілер таңда және түс уақытында сауылады. Одан әрі сүт цехта стирильдеуден және термоөңдеуден өтеді. Ашыту процесі бір айдан 3 жылға дейін жүреді.
Александра Григолова, фермер:
- Сиыр, қой мен ешкі сүтінен жасалатын ірімшік түрлері әлемге танымал. Сондықтан біз түйе сүтінен жасағымыз келді. Сынақ жұмыстары 8 айға созылды. Еңбегіміз еш кетпей, үмітіміз ақталды. Біз ойлап тапқан ірімшік 2023 жылы әлем чемпионатында күміс және қола медальге лайық деп танылды.
Дәстүрлі сайыс биыл Францияның Тур қаласында өтті. Григоловтар жанұясы 1 алтын және 2 қола медальді жеңіп алды. Түйе сүтінен жасалған ірімшік әлем елдерінен келген 33 фермерді таңдай қақтырған. Айта кету керек, маңғыстаулық кәсіпкерлер мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтқан.
Никита Григолов, фермер:
- 2023 жылы чемпионатта Қазақстан делегациясы 9 медаль алды. Биыл сайыста 6 медаль қоржынға түсті. Соның төртеуі маңғыстаулықтарға бұйырды. Жерлесіміз, Бейнеу ауылының тұрғыны түйе сүтінен әзірлеген балқаймақ «Сүт десерттері» аталымында ІІ орынға ие болды.
Ақиқат Шарапатдинов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- 5 млн грант арқылы осында сыр жасау цехын іске қосты. Сонымен қатар «Кәсіпке бағыт» жобасы аясында қазір жергілікті кәсіпкерлерді оқытып жатыр. Сүт өнімдерін өңдеу туралы сабақтар болып жатыр. Бұл сабақтың одан әрі жалғасуы өте тиімді деп білеміз.
Қазір Александра мен Никита Еуропалық стандартта сай келетін ірімшік түрлерін жасап жатыр. Дайын өнімдер жергілікті нарықта, кейін өңірлерге жеткізіледі. Сондай-ақ олар шетелде жиған тәжірибесін қазақстандық сүт өнімдерін өндірушілерге үйретуге ниетті.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев