Мұнайшылар ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып отыр
Биыл елімізде көлік-логистика саласында 25 жаңа мамандық енгізіледі. Ал мұнай-газ саласында 22 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды 24kz.
Кадр даярлап, оларды жұмыспен қамту үшін инновациялық навигатор іске қосылады. Ол платформа 755 инвестициялық жобаны қамтып, 150 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар әр аймақта 18 жоғары оқу орны, 20 колледж және бірқатар кәсіпорынды қамтитын Құзыреттер орталығы құрылады. Мектептердегі кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасы толығымен қайта қаралып, 7-11 сыныптағы 100 мыңнан астам оқушы өз өңірлерінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша арнайы курстан өтеді.
Қазір бізбен атыраулық тілшіміз байланысқа шығуға дайын. Мұнайлы өлкедегі жұмысшылардың тыныс тірлігін тілшіміз хабарлайды.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген мұнайшыларды, мұнай өңдеушілерді ел мақтанышы, нағыз еңбек адамдары деп білеміз. Біз қазір Атырау мұнай өңдеу зауытынан тікелей байланысқа шығып тұрмыз. Жылына 5,5 млн тоннадан астам мұнай өңдейтін зауытта бүгінде 2,5 жарымнан аса адам жұмыс істейді. Осы кәсіпорында адал еңбек етіп, аянбай тер төгіп жүрген жандар өндірістің үздіксіз жұмыс істеп, өндірілген өнімнің тұтынушыларға уақытылы жеткізілуін үнемі қадағалайды. Жалпы елімізде еңбек адамдарына көбірек көңіл бөлініп, олардың насихаттауға баса мән берілуде.
Қара алтынымен әлемге әйгілі болған Атырауда мұнайшы болуды армандамайтын адам аз шығар. Мұнай өндіру ғана емес, оны өңдеу де қазір қарқынды. Жалпы облыс бойынша ақпарат беріп өтейін. Өңірде жыл басынан бүгінге дейін 42 млн тонна мұнай мен 23 млрд текше метрден астам ілеспе газ өндірілген. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9 трлн 553 млрд теңгені құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 588 млрд теңгеге жетті. Осындай жоғары көрсеткіштің артында жұмысшы мамандардың ерен еңбегі жатыр.