Абай облысындағы көлік жөндеу шебері Жансая Қалиеваның еңбегі көпке үлгі
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды және олардың мәртебесін көтеруді ұсынды және ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігін атап өтті.
Президент тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жекелеген санаттарының, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың жалақысы жылына орта есеппен 20%-ке кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Нәтижесінде биыл олардың жалақысы 2 есе артады.
Құрметті көрермен қазір назарларыңызға Абай өңірінен арнайы алдыртқан материалды ұсынғымыз келеді. Ең қызығы, Ақсуат ауданы Қарғыба ауылында тұратын Жансая Қалиева үш айлық курстан өткен соң екі білекті түріп алып кәдімгі слесарь жөндеуші болып жұмыс істеп жүр. «Жұмыс жоқ» деп жатып ішерлерге кейіпкеріміздің ерік-жігері қалай айтсақта өнеге етуге тұрарлық, әлбетте.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Техникалық қызмет көрсету сервисі әдетте ер адамдардың үйреншікті жұмыс орны екеніне көзіміз әбден үйреніп кеткен. Бірақ мұнда әйел адамға да орын бар. Солардың бірі – Жансая Қалиева. Ол көлік жөндеу орнында слесарь болып істейді. Шеберлігі еркектерден кем түспейді.
«Мұндай салаға бет бұру оңай болған жоқ», - дейді Жансая. Бірақ қысқа мерзімді курстан өтіп, теория мен практиканы қатар меңгерген соң өзіне деген сенімі арта түскен.
- Жансая ханым, айтып беріңізші, сіз осыған дейін қандай маманы иесі едіңіз? Неліктен слесарь жөндеуші мамандығын таңдадыңыз?
Жансая Қалиева, слесарь-жөндеуші:
- Мен осыған дейін ешқандай мамандық оқыған жоқпын. Өзімнің жеке кәсібім болды. Наубайханам бар. Қазір наубайхананың көбеюіне байланысты тоқтатып қойдым.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Негізгі темір-терсек, құрал сайманмен жұмыс істеу ер адамдардың ісі ғой. Сізге қиын емес пе?
Жансая Қалиева, слесарь-жөндеуші:
- Мен үшін түкте қиын емес. Ер адамдар істейтін жұмысты әйелдер де істей алады. Негізі ерінбеген адамға бәрі жұмыс.
Қолына кілт пен балғаны алып, ауыр жұмысты еш жасқанбай атқарып жүрген келіншек «еңбек ерге де, әйелге де ортақ» деген ұстанымды берік ұстанады. Құрал-сайманды серік етіп, темір құрылғылардың тілін тапқан Жансая бүгінде ауылдастарына үлгі.
Тоқтар Нұртазин, Қарғыба ауылының тұрғыны:
- Ауыл болғаннан кейін жүк көліктері болады. Осының бәрін қарайды осы кісі. Еңбек еткелі 1-2 жыл болды. Ауылға керек мамандық негізінде. Жолда қатты жақсы емес ауылда білесіздер, сондықтан сынады көп. Осы кісіге келіп көрсетеді. Осы кісі жасап жатыр бәрін.
Жансая қысқа мерзімді курс арқылы жаңа мамандықты игеріп, табыс тауып жүргендердің бірі. Айта кетейік, жыл соңына дейін өңірде тағы 240-қа жуық адам оқуды аяқтап, еңбек нарығына қосылады деп жоспарланған.
Еркебұлан Тұрсын, Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
- Негізінде қысқа оқыту курстары екі түрде өтеді. Бірінші ол жаңағы жұмыс берушінің өтініші негізінде оқыту орталықтарында ұйымдастырылады. Екіншісі – жұмыс беруішінің базасында ұйымдастырылатын оқыту курстары бар. Жалпы кез-келген азаматты жұмыспен қамту мақсатында еңбек мобилділігі және мансап орталықтары әрбір қала, ауданда халықпен тығыз жұмыс жасап жатыр.
Қазір кез келгені мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа мамандықты меңгере алады. Былтыр 300-ге жуық облыс тұрғыны кәсіптік оқытудан өтті. 238-і жұмысқа орналасты. Биыл 23 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков