Таразда ауызсу мәселесі шешіліп жатыр
Тараз жұртшылығы тіршілік нәрінен тарығып отыр. Қаладағы төрт тұрғын үй алабы 10 жылдан бері орталықтандырылған су желісіне қосылмай келеді. Ал мұнда 5,5 мың адам тұрады. Мәселе қашан шешіледі?
Ақжол, Қайнар, Родничок және Мичуринец тұрғын үй алабының жұрты аузысу мәселесін 10 жылдан бері көтеріп келеді. Орталықтандырылған желі болмағандықтан тұрғындар таза суды тасып ішуге мәжбүр. Былтыр республикалық қазынадан 860 млн теңге бөлінген. Бірақ тендерді ұтқан мердігер порталға жалған құжат жүктепті. Ақыр аяғы іс сотқа жолданып, қаржы бюджетке қайтарылды. Енді биыл ақша қайтқан активтер есебінен қайта бөлінді. Әкімдік жаңа мердігермен келісімшарт жасасып, құрылыс жұмыстарына кірісті.
Ақылбек Кішкеев, қала тұрғыны:
- Судың дәмі бар. Одан кейін шәйнектен қақ көп шығады. Кейбір үйлерде құрт шығады. Әне келеді, міне келеді деп бұл мәселенің айтылғанына біраз жыл өтті. Осы суды күткенбіз. Алла қаласа кіріп жатыр ғой. Жақсы болды ғой.
Райхан Сырғабаева, қала тұрғыны:
- Аллаға шүкір неше жылдан бері күтіп отырған суымыз келіп жатыр. Септик дедік, анау дедік, әбден судан қорлық көріп едік, міне, шүкір, жақсы болды. Бәріміз суларымызды үйімізге кіргізіп алып жатырмыз.
Құрылыс жұмыстары шілде айында басталған. Ұзындығы 23 шақырым болатын магистральді желінің жартысы жүргізілді. Жауаптылардың айтуынша жыл соңына дейін барлық жұмыс аяқталып, 5 мыңнан аса тұрғын таза ауызсуға қол жеткізеді.
Елдос Кеңесбеков, қалалық Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Жоспар бойынша 4 массивті 4 айға жоспарлап отырмыз. Оның қазіргі таңда Ақжол деген массивінде толығымен құрылыс жұмыстары бітті. Ендігі таңда құдықтардың ішіндегі «фасонный часьттарды» жинау жұмыстары жүріп жатыр. Қосылу нүктесін қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Енді 10-15 күннің көлемінде жұмыстарды бітіргеннен кейін берілетін судың сынамасын аламыз, ауыз су жарамды болған жағдайда тұрғындарға су беру жұмыстарын бастаймыз.
Былтыр 8,5 мыңға жуық тұрғын сапалы тіршілік нәрімен қамтылған. Қазір қалада ауызсу желісі мүлде жүргізілмеген Новоджамбулец, Дорожник пен Талас елді мекендері қалып отыр. Бұл мәселені шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Егер бюджеттен қаржы бөлініп құрылыс басталса, онда Тараз келер жылы таза ауызсумен толық қамтылады.
Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә