Отандық креатив туындылар сұранысқа ие

Елде креативті индустрия мен туризм сабақтас дамып келеді. Шығармашыл қауымның туындылары туристерді таң қалдырып қоймай, Қазақстанға деген ықыласын арттыруда.

Заманауи өнер мен ұлттық құндылықтарды ұштастырып жүрген қауымның мүддесі бір. Көкейдегі түйткілі де ортақ. Ол – авторлық құқық мәселесі.

Суретші-дизайнер Бақыт Шүкетаевтың бос уақыты жоқ. Күн сайын тапсырыс түседі. Қазақы нақыш, ұлттық болмыс бедерленген суреттеріне қызығатындар көп. Себебі философиясы терең. Әр туынды әсіресе «Қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заманды» аңсайтындар үшін құнды.

Бақыт Шүкетаев, суретші-дизайнер:

- Креативті индустрияға тікелей үлесіміз бар. Басқа елдерге жеткізіп қана жатқан жоқпыз. Шетел азаматтары бізді Instagram басқа да әлеуметтік желілер арқылы тауып келіп жатыр. Өзіміз де таңғалып жатырмыз. Алыс елден бізді танып келе жатқан адамдар Қазақстанды танып жатыр.

Қазір жұбайы екеуі сурет өнерін жетілдіріп жатыр. Шоурум ашуды қарапайым халық өтінген. Ал әлеуметтік желінің арқасында туындылары ел аумағынан бөлек, 60-тан аса мемлекетке жеткізілді. Әрине, қолтаңба қайталанбауы керек. Әттеген-айы,  нарықта бірегей картиналардың арзан көшірмесі кездесіп қалады.   

Бақыт Шүкетаев, суретші-дизайнер:

- Бөгде адамдар біздің жұмыстарымызды жеке пайдасына қолданып жатады. Сол сұрақты көтеруге, шешімін табуға көмек тиіп жатса, біз креативті индустрияға өзіміздің үлесімізді қосамыз.

Авторлық құқық мәселесін Қазақстанның креативті индустрия амбассадоры да сезінген. Талапай – оның төл туындысы. Автордың рұқсатынсыз ойынды маркетплейстерде сатып жатқандар бар. Бірақ ешқайсысы ұмыт қалған бестемше ойынының әу бастағы ойын жеткізе алмайды.

Айнұр Полатова, Қазақстанның Креативті индустрия амбассадоры:

- Құндылығына келетін болсақ, мұнда әрбір бөлігінде қазақтың танымы, салт-дәстүрі сақталған, мәселен жүріс тек қана солдан, оңға қарай жүреді. Әрбір отауда жүрген кезде бір-бір тастан тастап кету керек. Біздің халқымыздың өзінің тұрған жерінде енші қалдыру дәстүрін көрсетеді. Солай бүкіл элементтері бұрынғы философиямызды танытады. Сыртына келгенде де әрбір оюды нақыштап жасадық. Біз бұл өнімнің әрбір бөлшегіне назар аударудамыз. Мәселен, мына ағашты біз оңтүстіктен алып келеміз. Оны өңдеу үшін шығыстың Қатонқарағайынан балдан май жасаймыз. Орталықтан былғары аламыз. Қаптамасын жасаймыз. Осының барлығы солтүстікте өңделеді. Мына тастарды мен батыстың сазынан өзім қолдан жасаймын. Бұл ойындардың барлығы мүмкіндігі шектеулі шеберлердің қолынан жасалады. Осылайша бір ойынға біз Қазақстанның бүкіл өңірін тоғыстырдық.

Айнұр мұнымен шектелмек емес. Жас буынға легодан қазақ үй жасауды үйретті. Енді ай ти жобалармен айналысуды көздейді. Ең бастысы, дайын өнімдер қазақы ортада ғана емес, жаһанда жоғары құндылыққа ие. Сұраушысы бар.

Айнұр Полатова, Қазақстанның Креативті индустрия амбассадоры:

- Жауапкершілік жағынан келгенде өте үлкен. Тек қана Қазақстанның ішінде емес, шетелде де өзіңнің жобаларыңды еркін таныстыруың керек. Қазақстанның атына ешқандай нұқсан келмеуі керек. Бұл басқа адамдарға үлгі болу. Қазақстанның, жастардың қандай екенін, креативті индустриясының қандай екенін таныту. Сондықтан қобалжу да болды. Бастысы, жауапкершілікті сезіндім. Бір орында тұрып қалмау, себебі креативті индустрия жылдан жылға дамып жатыр.

Жаһанда мәдени класстерді дамытуға көңіл бөлініп жатыр. ЮНЕСКО дерегі бойынша қазір әлемдік ЖІӨ-нің 3 пайызын осы сала құрайды екен.

Біздегі креативті индустрия саласында 144 мыңға жуық адам еңбек етеді. 5 жылда олардың саны 180 мыңға жуықтауы керек. Бұл үшін аймақтарда креативті хабтар іске қосылып жатыр. Сарапшылар 2029 жылға қарай креативті тауарлар мен қызмет экспортын 115 млн долларға жеткізуге болады дейді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Қанат Махмұтов