СҚО-да 300-ден аса үй құсы қырылып қалды

Солтүстік Қазақстан облысында 300-ден аса үй құсы қырылып қалды, деп хабарлайды 24kz.

Әзірге оның себебі белгісіз. Сараптама қорытындысы құс тұмауын жоққа шығарып отыр. Ал бұл жағдайда тұрғындарға өтемақы төленбейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бугровый ауылының тұрғыны Светлана Ткаченконың 90 қазы көз алдында бірінен соң бірі қырылып қалған. Қазір 30-ы ғана қалды. Бірақ олардың да жағдайы мүшкіл. Құстар әрең аяқ басып жүр.

Светлана Ткаченко, Бугровый ауылының тұрғыны:

- Қаздардың көзі көрмей, тыпыршып жүгіре бастайды. Кейін шыр айналып құлайды. Солай екі сағат жатып өліп қалады. Өзіміз дәрі беріп жатырмыз. Бірақ оның пайдасы болмай тұр.

Тұрғындардың айтуынша, бір апта бұрын байқалған ауру белгілері құс тұмауына ұқсайды. Қазір олар өлгендерін ветеринардың нұсқауымен өртеп, мал қорымына тастап жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Тұрғындардың айтуынша, қазір жарты ауылдың құсы қырылып қалған. Әзірге бұл жағдайға байланысты ветеринарлар келіп, өлекселерден сынама алып кетті. Ал елді мекенде карантин жарияланған жоқ. Зарарсыздандыру жұмыстары да жүргізілмеген.

Ветеринарлардың айтуынша, көктемде ауылдағы балапан қаздың бәрі вакцина алған. Қазір қырылған құстардан алынған сынаманың алғашқы сараптама қорытындысы шықты. Соған сәйкес құс тұмауы расталған жоқ.

Ербол Бәгенов, Қызылжар аудандық Ветеринария станциясының директоры:

- Құс тұмауы теріс нәтиже берді. Пастереллез әлі тексеріс жалғасуда. Бір жұманың ішінде болуы мүмкін. Қазір кісілерге мынау қораларын дайындап тазалап, дизенфекция жасауға біз дайындалып жатырмыз.

Бір қызығы, мемлекеттік өтемақы тек құс тұмауы расталған жағдайда беріледі. Қазір ресми түрде ауылда 329 қаз, үйрек пен тауық өлген. «Енді оның шығынын кім төлейді?», - деп отыр тұрғындар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов