Алматыда «Eurasian Film Market» форумы ашылды
Орталық Азиядағы кино және телевизия саласының өкілдеріне арналған ең ірі тәуелсіз кәсіби алаң биыл үшінші рет ұйымдастырылды.
Шараға қатысушылар эксклюзивті контентпен танысып, саланың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады.
Биыл Кинонарықтың ауқымы кеңейді. Өткен жылдары кәсіби алаң тек кино саласына арналса, биыл телевизия бағыты қосылды. Тәжірибелік алаң - ұлттық кинематографияны ілгерілетуге, өңірлік жобалардың халықаралық серіктестермен байланыс орнатуына жол ашып келеді. Биыл сатып алу стратегияларына, Орталық Азия киносын жаһандық нарыққа шығару жолдарына басымдық берілмек.
Елена Ларионова, Еurasian Film Market негізін қалаушы:
- Жыл сайын қатысушылар саны да, серіктестер саны да артып жатыр. Басты міндетіміз Қазақстанның кино және телевизия индустриясын шетелдік серіктестерге таныстыру. Сондай-ақ ынтымақтастық көпір орнатып, кино өндірісі саласында бірлескен жобаларды дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Соңғы уақытта Қазақстанның кинонарығы қарқынды дамып келеді. Киноөндіріс саннан сапаға өтуде. Табыс та қомақты. Мысалы, 2022 жылы бір ғана кино миллиард теңге касса жинаса, өткен жылы 7 киноның кассасы миллиардтан асып жығылған. Бұл әлеует шетелдік киномамандарының да назарын аударды.
Давид Туганов, Қазақстан креативті индустриялар альянсының басқарма мүшесі
- Қазіргі таңда Еуразиядағы назар дәл Қазақстанға ауып отыр. «Патруль» картинасының франшизасын шетелдіктер сатып алды. Қарқынды дамып жатқан тек Қазақстан ғана емес, Қырғызстан да қазір белсенді түрде продакшн саласына кіріп жатыр. Олар тіпті фильмдерді бізге бейімдеп шығара бастады. Сондықтан бұл нарық шетелдік ойыншыларға да қызықты. Бүгін Германия мен Франциядан үлкен делегация келді.
Форум аясында кино және телевизиялық жобалардың таныстырылымы, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Сондай-ақ француз фильмдерінің көрсетілімі болады. Кинокөрсетілімге кіру тегін.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев