Қазақстан - Қытай жүк тасымалы ұлғайды

Қазақстан - тоғыз жолдың торабы. Ел аумағынан 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Осы себепті әлем елдері сауда байланысын дамытуға мүдделі.

Әсіресе теміржол тасымалы жоғары сұранысқа ие. Мәселен, Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін тауардың 80 пайызы Қазақ даласы арқылы өтеді. 

Қытай - Қазақстан үшін алып нарық. Сондықтан арадағы алыс-берісті арттыру ұпайымызды түгендей түседі. Биыл 6 айдың өзінде қол жеткізген көрсеткіштер көңіл көншітерлік. Енді осы сөзімізге тұздық болар сандарды сөйлетсек, биыл екі ел арасындағы жүк тасымалы едәуір өсті. Бір ғана теміржол арқылы 23 млн тоннадан аса тауар тасымалданды. Осылайша, көрсеткіш жыл ішінде 10 пайызға артып отыр. Алайда тоқмейілситін шақ емес. Мұны Президент те естен шығармауды ескертті әрі «Достық-Мойынты» ауқымды желісінің іске қосылуы - салаға серпін береріне сенім мол. Жыл соңына дейін тараптар осы теміржол арқылы жүк тасымалын 35 млн тоннаға жеткізуге күш салмақ. Бірақ межелі міндет - 100 млн тонна. Бұл әзірге 2030 жылдың еншісінде.

Жүк тасымалы теміржол арқылы 23,2 млн тонна

Өсім 10%

2025 ж соңына қарай 35 млн тонна

2030 ж 100 млн тонна

Қазақстан Қытайға не тасымалдап отыр? Енді осыған тоқталсақ: сырт елде біздің ауыл шаруашылығы өнімдері, құрама жем, металлға  сұраныс жоғары. Әсіресе алғашқысының экспорты айтарлықтай артты. Алғашқы 6 айда аспан асты еліне 910 мың тонна астық шикізаты, 171 мың тонна ұнтақ өнімдері жөнелтіліпті. Қытайлықтар аттай қалап алдыратын тауар түрлерінің қатарында өсімдік майы да бар. Оның көлемі - 93 мың тонна. 

Ауыл шаруашылығы өнімдері 

Өсім 43,5%

Астық 910 мың тонна

Ұнтақ өнімдері 171 мың тонна

Өсімдік майы 93 мың тонна

Ажар Амирова, қазақстандық жүк тасымалдаушылар қауымдастығының атқарушы директоры: 

- Қазақстан көптеген қолдау әдістерін қолдануда. Оның бірі - Қазақстан астық тасылдалдарын субсиядиялау. Атап айтсақ, әрбір тонна үшін 20-30 мың көлемінде өтемақы төленуде. Мемлекет басшысы салтанатты түрде «Достық-Мойынты» желісінде екінші жолды іске қосты. Әрине, Қазақстан мен Қытай арасындағы тасымалдарды одан әрі дамытуға өз ықпалын тигізеді.

Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін тауардың 80 пайызы Қазақ даласы арқылы өтеді. Яғни кәрі құрлыққа бір жарым, екі ай жүретін жүкті біздің ел арқылы екі аптада жеткізуге болады. Сарапшылардың пайымынша, бұл артықшылықты толық әрі тиімді пайдалансақ,  ел  экономикасы еңсе тіктеп, әлеуметтің әлеуеті артады. Мұны Мемлекет басшысы да басты назарда ұстап отыр. Осы ретте Үкімет 2025 жылы инфрақұрылымның негізгі үш бағытын дамытуға ден қойды. Локомативтер мен вагондар алынады. Жұмысты автоматтандыру және цифрландыруға мән беріледі. Сондай-ақ қайта тиеу тораптық станциялар мен магистралдық теміржол желілері салынады.