Түркістан облысында 104 отбасы баспаналы болады
Түркістан облысының Келес ауданында үй кезегінде тұрған 104 отбасы биыл баспаналы болады. Аудан орталығы Абай ауылында былтыр 500-ге жуық тұрғынның әрқайсысына 10 сотықтан жер берілді.
Президенттің ауылдарды дамыту, тұрғын үймен қамту және инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі тапсырмасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Абай ауылының тұрғыны Ербол Нарбайұлы 7 жыл бұрын жер кезегіне тұрған. Көпбалалы отбасы осы күнге дейін дейін ата-анасының шаңырағында тұрып келген. Былтыр кезегі келіп, 10 соток жерге ие болды.
Ербол Нарбайұлы, Абай ауылының тұрғыны:
- 2024 жылы кезегің келді деп шақырды. Үйдің құжаттарын дайындап, үй салып, көтеріп жатырмын. Ауданымызға рахмет, үлкен көмек болды. Жас отбасыларға осындай көмек беріп, жер бергеніне алғысым шексіз.
Былтыр аудан орталығы Абай ауылында 96 гектар жер телімі тұрғын үй құрылысына бөлініп, кезекте тұрған 484 азаматқа үлестірілді. Биыл баспана кезегінде тұрған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 104 отбасыға жеке тұрғын үй салынды.
Асылбек Жұманов, Абай ауылының әкімі:
- Ол көпбалалы, мүгедектігі бар, осал топтағы азаматтарға беріледі. Қазіргі таңда құрылысы аяқталды. «Отбасы» банк арқылы пайлануға беру жоспарлануда.
Бұдан бөлек аудан орталығында 2 қабатты 22 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 16-сы биыл пайдалануға беріледі. Ал әлеуметтік дамыту орталығы мен жаңа мұражай және «Келешек мектебі» жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.
Жүсіп Ыбыраев, Абай ауылы Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Газдандыру мәселесі ауданымызда толықтай шешілген. Көшелерімізге түгел асфальт төселді. Жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Жайлы мектеп, спорт кешені, мәдениет үйіміз күрделі жөндеуден өтіп, халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
Ауыл тұрғындары жаңа үйлердің бой көтеріп, инфрақұрылымдық жүйелердің дамуы, жолдардың жөнделуі - ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсартып, жастардың елде қалып, еңбек етуіне үлкен мүмкіндік беретінін айтады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш